×

Көз жұмған орманшылардың отбасыларына төлемақы беріліп отырады

Оны төлеу қағидасы бекілітеді

 Дәурен Ерболат 14.08.2023 | 14:19
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда орман күзеті қызметкері қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан жағдайда, оның отбасының әрбір мүшесіне ақшалай төлем төленіп тұрады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында Үкімет басшысының тиісті қаулы-жобасы жарияланды.

Қызметтік міндеттерін (мемлекеттік орман қорын күзету және қорғау қызметі міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлем төлеу қағидалары мен мөлшері бекітілсін, - деп жазылған құжатта.

Құжатқа сәйкес, ақшалай төлем қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмған қызметкердің отбасы мүшелеріне беріледі.

  • Қызметкердің отбасы мүшелеріне жұбайы (зайыбы);
  • Кәмелетке толғанға дейін немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу орнын бітіргенге дейін 23 жастан аспайтын балалары, оның ішінде асырап алған балалары, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздары жатады.
  • Ақшалай төлем отбасының әрбір мүшесіне қаза тапқан орманшының соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражатының 40%-ы мөлшерінде беріледі.
  • Бұл ретте отбасының барлық мүшесіне төленетін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері қаражаттың 100 пайызынан аспауға тиіс.
  • Отбасы мүшелері үшеу және одан көп болған кезде әрқайсысына ақшалай төлемдердің мөлшері ақшалай қаражаттың 100 пайызына тең үлес ретінде есептеледі.
  • Ақшалай төлемдермен қамтамасыз етілетін отбасы мүшелерінің саны өзгерген кезде ақшалай төлемдердің мөлшері оны алуға құқығы бар отбасы мүшелерінің санына қарай тиісінше ұлғайтылады немесе азайтылады.

Құжат 28 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама