×

BINOM мектептері филологтарды жұмысқа қабылдамай отыр

Кей мамандық иелеріне өз еркімен жұмыстан кетуді ұсынған

 Айгерім Таубай 11.08.2023 | 12:30
Фото: binom.edu.kz

Астанадағы BINOM мектептері филология мамандығын тәмамдағандарды жұмысқа қабылдамай отыр. Тіпті 15 жылдан бері мектепте жұмыс істейтін мұғалімге ақылы қайта даярлау курсынан өтуді немесе өз еркімен жұмыстан шығуды ұсынған. Halyq Uni ақпарат агенттігіне мұғалімдер осындай шағыммен жүгінді.

15 ЖЫЛ БОЙЫ МЕКТЕПТЕ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН

15 жылдан бері мектепте сабақ беріп жүрген ағылшын пәнінің мұғалімі Гүлжайнар Валиханова не себепті дипломының жарамсыз деп танылғанын түсінбей отыр. 

2008 жылы Павлодар мемлекеттік университетін филология мамандығы бойынша бітірдім. Сол жылы Екібастұз қаласы Горняк ауылына жұмысқа жіберді. 7 жыл мектепте ағылшын тілінен сабақ бердім. 2015 жылы Астанаға ауыстым. 2022 жылдың қаңтарынан бері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебіне жұмыс істеп келемін. Алайда 2023 жылдың шілдесінде Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінен тексеріс келетін кезде мектеп басшылығы «сіздің дипломыңыз жарамайды екен, тағы да оқуыңыз керек» деп айтты, - дейді Гүлжайнар Валиханова.

Айтуынша, тексеріс келетін кезде мектеп мұғалімге жұмыстан шығуды ұсынған.

Тексеріс келе жатыр, жұмыстан шығыңыздар, басқа мектепке ауыссаңыздар да «қайта даярлаудан өтті» деген қағазды сұрайды деді. Әрі қарай жұмыс істеуім үшін 350-500 мың теңге төлеп оқуым керек екен. 15 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. 3 балам бар, оған ақша бөліп оқи алмаймын, - дейді Гүлжайнар Валиханова.

МЕКТЕП БАСШЫЛЫҒЫ ЖҰМЫСТАН ШЫҒУДЫ ҰСЫНҒАН

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінің тағы бір ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айдана Ақылбек мұндай талаптың ертерек айтылмағанына наразы.

Шетел филологиясы мамандығы бойынша оқығандарды жұмыстан шығару қолға алынып жатқаны айтылды. Жұмыстан өз еркіңмен кетуге арыз жаз деді. Себебі мектепке Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету тарапынан хат келген екен. Ол қай кезде келді? Неге ертерек ескертілмеді деген сұраққа жауап ала алмадық. Бұл мәселе бойынша не істеуге болатынын сұрастырдық. Ол үшін қайта даярлаудан өту қажет екен. Сонда ғана жұмысқа қайта аламыз деді, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айдана Ақылбек.

Айдана бакалаврды тәмамдаған соң шетел филологиясы мамандығы бойынша екі жыл магистратурада оқыған.

«Университетке оқуға түскен кезде де бізге мұғалім болып жұмыс істей алатыным айтылды. Магистратураның екі түрі бар: бір жыл оқығандар мұғалім бола алмайды, екі жыл білім алса, мектепте жұмыс істей алады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінің кадр бөлімі менің колледж бен университетте сабақ бере алатынымды, мектепте жұмыс істей алмайтынымды айтты. Алайда «осындай бұйрық, осындай құжат негізінде жұмыс істей алмайсыз» деп нақты көрсетпеді», - дейді ол.

Мектепте әрі қарай жұмыс істеу үшін Айдана 365 мың теңге төлеп қайта даярлаудан өтуге дайын. Алайда мұндай талаптың не себепті оқу жылы басталар кезде айтылғанын түсінбей отыр.

Еуразия ұлттық университетінде 4 ай үшін 365 мың теңге төлеп оқуға да келістім. Мен мұндай талап туралы шілдеде білдім. Сол күні университетке хабарластым, құжаттарымды бір күнде жинадым. Алайда оқу 3 адам жиналса ғана басталады екен. Содан кейін бір ай күттім. Бір айдан кейін хабарласқанымда, әлі адам жиналмағанын жеткізді. Жағдайды мектеп басшылығына түсіндірдім. Мектеп «оқып жатыр» деген анықтама қажет дейді. Адам жиналмаса, мен ол құжатты қалай алып келемін? Бұл жағы қалай шешіледі?, - дейді Айдана Ақылбек.

Оның айтуынша, тексеру 2022-2023 оқу жылының басында келген, алайда дипломының «жарамсыз» екені туралы мұғалімдер оқу жылы аяқталған кезде білген.

Қыркүйек не қазан кезінде айтылса, оқу жылы ішінде қайта даярлаудан өтетін едім. Енді бір айдан кейін оқу жылы басталады. Ал менің жұмыс істейтінім-істемейтінім белгісіз, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

АСТАНАДА ЖҰМЫС ТАППАЙ ЖҮР

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақ филологиясы бойынша білім алған Жібек Құсайын мектепке жұмысқа орналаса алмай жүр.

«Астанадағы BINOM мектептеріне түйіндеме жолдап жүргеніме бір ай болды. Сайт арқылы да вакансияға өтінім қалдырдым. Маған 5 рет «дипломыңыз сәйкес келмейді» деп жауап берді. Неге екенін түсінбедім. Себебі Қазақ филология мамандығы бойынша оқыған студенттер өндірістік практикаға мектепке жіберіледі. Мен де 4-курста мектепте тәжірибеден өттім. Магистратураға Гумилев атындағы ЕҰУ-ға түстім, дипломымда «ғылыми-педагогикалық бағыт» деп жазулы тұр. Бұған дейін жекеменшік мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім, мемлекеттік мектепке ауысайын десем, дипломым жарамсыз болып қалды. Дипломымыз мектепте жұмыс істеуге жарамайтын болса, не себепті педагогикалық практикадан өттік? Неге басында айтпайды? Неге 6 жыл оқып, мен жұмыссыз қалуым керек?», - дейді Жібек Құсайын.

Жібек BINOM мектептеріне арнайы барғанын, түйіндемесін қалдырғанын айтады. Алайда меткептегі мамандар не себепті дипломының жарамсыз екенін түсіндірмеген, жұмысқа орналасу үшін қосымша курс оқу қажет екенін де айтпаған.

Жекеменшік мектепте қазақ тілін шетел азаматтарына ағылшын тілінде түсіндірдім. Орыс сыныптарына 4 жыл бойы қазақ тілін үйреттім. Мемлекеттік мектепке орналасатын кезде осындай қиындық туындап отыр. Мектепте жұмыс істеу үшін қосымша курсты ақылы түрде оқуға дайынмын, - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мұғалімдердің тапшылығы бар екенін мәлімдеді. Астана қаласы білім басқармасының мәліметінше, елорданың білім беру ұйымдарында 21 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Ұлттық білім беру деректер қорына сәйкес жалпы орта білім беретін ұйымдарына 40 педагог, арнайы білім беру ұйымдарына – 92, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында – 400-ге жуық педагог қажет. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне тапшылық жоқ. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама