×

Маңғыстау облысында футбол стадионы мен алаңдары салынады

Осы бағытта УЕФА-мен бірге жұмыс істеліп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 08.08.2023 | 14:00
Фото: ашық дереккөз

Алдағы уақытта Маңғыстау облысында футбол сатдионы мен алаңдары салынады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.

Кездесуде ҚФФ басшысы елімізде спорт инфрақұрылымын жақсарту үшін УЕФА-мен бірігіп, футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасының жасалғанын, Маңғыстау облысындағы екі ауылда футбол алаңдарының құрылысы жоспарланғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлерде бұқаралық футболды дамыту – федерацияның алға қойған басым міндеттерінің бірі. Біз УЕФА-мен бірігіп, футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасын жасадық. Ол өңірлердегі футбол инфрақұрылымын жақсартуға арналған. Біз футбол алаңдарын салып,  миллиондаған адамның сүйікті ойынын қол жетімді етуге тырысамыз. Аймақ басшыларымен бірігіп, үлкен жұмысты жоспарлап отырмыз. Соның бірі - Маңғыстау облысының екі ауылында футбол алаңдарын салу.  Бұл жұмыс жоспарда бар. «Ауылдардағы футбол» бағдарламасы аясында ауыл жастары өздерінің футбол машықтарын дамытуға мүмкіндік алады, – деді ҚФФ басшысы. 

Сонымен бірге кездесуде футбол клубтарын тиімді басқару мәселесі талқыланды. Осы ретте, ҚФФ басшысы Ақтаудың «Каспий» футбол клубын Қазақстан футбол федерациясының бағдарламасына қатысатын алты клубтың бірі болатынын атап өтті.

Бұл бағдарлама футбол клубтарын басқарудағы кәсібилік деңгейін арттыруға арналған, – деді Әділет Барменқұлов. 

Кездесуде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұқаралық спортты белсенді түрде насихаттау және тиісті инфрақұрылымды дамыту – өзекті мәселе екенін айтты. Осы орайда, облыс әкімі өңірде спорт нысандарын көбейту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, «Жас Қанат» стадионында жабынды ауыстыруға қаражат бөлінгенін, сондай-ақ, 4 шағынаудандағы «Каспий» футбол клубының спорт кешенінің жанында стадион салу бойынша жоба әзірленгенін атап көрсетті.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан футбол федерациясы екі ауылға футбол алаңдарын салып берсе, әкімдіктің қолдауымен Ақтаудағы «Каспий» футбол клубының спорт кешенінің жанынан стадион салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама