×

СҚО-да полицейлер 44 жастағы жігіттің көкбауыр мен бүйрегін езіп жіберген

Ол «кінәсін мойындау» туралы құжаттарға қол қоюға мәжбүр болыпты

 Еркеғали Болатұлы 08.08.2023 | 10:44
фото: дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны полицейлердің қатты соққысынан кейін өзіне ота жасалып, бірнеше мүшесі алынып тасталғанын айтты.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, 44 жастағы Виталий Чумаченко әйелмен бірге Қиялы ауылындағы тоғанда демалып жатқан. Сол кезде оларға патрульдік көлікпен тәртіп сақшылары келген. Олар ер адамды мас халде квадроцикл басқарды деп ойлаған. Бірер уақыт даудан кейін Виталий мен серігі көлікке отырғызылған. Айтуынша, ол қатты соққыға жығылып, «кінәсін мойындау» туралы құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған.

Кейін полицейлер оны босатып, бірнеше күннен соң тағы да шабуыл жасаған. Ал ауруханаға түсуіне сол соңғы соққы себеп болған.

Бүгін облыстық ауруханада жатқаныма 10 күн болды. Шамамен 12 күн бұрын Қиялы ауылдық округінің қызметкерлері мені ұрып-соққаны сонша, көкбауырымды, бүйрегімді және денемнің тағы бір бөлігін алып тастауға тура келді. Мұның барлығы қазір қызметкерлердің бақылауында. Тіпті анықтамаға ненің салдарынан зардап шеккенім және қандай диагнозбен келіп түскенім туралы жазылатынына күмәнім бар, – дейді жәбірленуші.

Барлық отадан кейін Виталий 102-ге қоңырау шалып, тәртіп сақшыларына қарсы арыз жазған. Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде журналистерге тергеу жүріп жатқаны туралы айтылды.

Аталған факті бойынша куәгерлер сұралып, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілді. СҚО ПД ішкі қауіпсіздік басқармасы аталған фактіні сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тіркеп, Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі («Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бүгінде істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама