×

Иракта жазасын өтеп жатқан қазақстандық әйелдер аштық жариялағанын тоқтатты – СІМ

Олар өмір бойы бас бостандығынан айырылған

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 17:50
фото: Halyq Uni

Иракта жазасын өтеп жатқан қазақстандық әйелдер аштық жариялағанын қойды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Дау шыққанда (Қазақстанның Иорданиядағы) елшілік Иракка барып, бірнеше жоғары лауазымды өкілімен кездесті. Олар бұл мәселені жіті талқылап, мән-жағдайын анықтады. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер еш рақымшылыққа ілінбейді. Сондықтан Қазақстан азаматтары аштықты тоқтатты. Қазір олар сол түрмеде жазасын өтеп жатыр», - деді СІМ ресми өкілі.

Айбек Смадияровтың айтуынша, отандастарымыздың аштық жариялауына байланысты Қазақстан тарапы Ирак тарапына наразылығын білдірген.

Болашақта қандай да бір мүмкіндік болса, (елші) сол азаматтарымызды елге ауыстыру немесе рақымшылық жасау туралы өтініш білдіреді. Бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда.  Әзірге жағдай бірқалыпты, - деді ол.

Ирак түрмесінде ДАИШ террористік ұйымының жұмысына қатысқаны үшін сотталған 6 Қазақстан азаматы жазасын өтеп жатыр.

Биыл мамырда Ирак түрмесінде өмір бойы бас бостандығынан айырылған қазақстандық әйелдер аштық жариялаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама