×

Бұрын жолаушылар ұшағы қатынаған: Мағауин туған ауылға бөлінген 67 млн теңгенің қайда жұмсалғаны белгісіз

Қыруар қаржыға келген жабдықтар далада тот басып жатыр

 Ая Өміртай 02.08.2023 | 15:48
фотолар: Halyq Uni

Абай облысына қарайтын Баршатас ауылында 67 млн теңге бөлінген су резервуары іске жарамсыз. Halyq Uni тілшісімен кездескен ауыл тұрғындары тазартылмаған су ішіп отырғанын айтып шағымданды. Олардың айтуынша, су резервуары Совет кезеңінен бері жөндеу көрмеген, әрі ескірген су құбырлары да жиі жарылып қалады. Ал мемлекеттік бюджеттен жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының қайда жұмсалғаны белгісіз болып отыр.

Кезінде Шұбартау ауданы орталығы болған ауылда 17 мыңнан астам халық тұрған. Қазір небәрі 1100 тұрғын қалған. Ал бір кездері еңселі орталық болған ауылдың бүгінгі көрінісі адам көргісіз. Жол атымен жоқ, көше толған қоқыс.

Ауыл тұрғындарымен бірге 67 млн теңгеге жөнделген су резервуарын көруге келгенімізде ең бірінші үстіне шөп өсіп кеткен дөңге көзіміз түсті. Ауыл тұрғыны Ақберген Ахметов түсіндіргендей, бұл үйілген топырақ астында бірнеше тонналық су сақталатын қос резервуар көмілген. Аталған су қоймасы құжат бойынша 2020-2021 жылдар аралығында екі рет жөнделуге тиіс болған. Алайда өзіміз куә болғанымыздай, тот басқан шойын темір күн астында қаңырап бос жатыр.

«Осында келерде су стансасының басшысына хабарласып едік, келгісі жоқ. Негізі, халыққа су келіп тұр. Бірақ су сорғысынан тікелей келеді. Суда ешқандай тазалық жоқ. Мына тұрған екі резервуардың екеуі де істен шыққан. Екеуіне де ақша бөлінгенімен, жұмыс атқарылған жоқ. 2020-2022 жылдар аралығында 70-80 млн теңге көлемінде қаржы бөлінгенінен хабарымыз бар. Бірақ резервуар басындағы ғимаратқа ғана жөндеу жұмыстары жүргізілді және бір жаңа насос әкелінді», - дейді Ақберген Ахметов.

Тұрғынның айтуынша, ескі су резервуарлары 80-жылдардың басында салынған. Совет кезінде осы жерде 60 тоннадан 120 тоннаға дейін су тұндырылып, тазартылғаннан кейін ғана тұрғындарға жіберілетін болған.

«Қазір мұндай кешенді жұмыстардың біреуі де атқарылмайды. Су сорғысынан тікелей алынған су бірден тұрғындарға жіберіледі. Қыста су сорғысы жанып кетсе, халық сусыз қалады. Бұған қандай мықты сорғы қойса да шыдамайды. Өзім кран жүргіземін. Екі ай ішінде насосты үш рет ауыстырдық. Үлкен насос күндіз-түні істеп тұрғандықтан жанып кете береді. «Халық үндемесін» деп жанып кеткен насосты ауыстырып бере қояды», - дейді ол.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, Абай облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылдық округі әкімінің аппараты су құбырлары мен сыйымдылығы 50 м3 болатын резервуарды жөндеуге тапсырыс берген.

2020 жылы «Су» МҚК мекемесі су құбыры мен резервуарға 17 920 000 теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген болса, 2021 жылы «ALI Building SERVICE» ЖШС екі рет жалпы сомасы 49 085 636 теңгеге жөндеу жұмыстарын атқарған.

Алайда өзіміз көргеніміздей, ауыстырылуы керек су құбырлары екі жылдан бері далада қаңсып жатыр. Тапсырысты орындаушылар тек резервуар басындағы кезекші отыратын шағын ғимаратқа пластик терезе орнатып, еденге кафель төсеумен шектелген.

«Су ағып тұрғанымен, үйді-үйге тартылған жұмыс түгел шала істелді. Тең жартысы қыста қатып қалады, ең жаман жері сол. Екінші рет тартқанда қазылған шұңқырларды толық жаппады. Үйілген топырақтар ойылып, ортасына түсті. Астын тегістеген жоқ. Сыныққа сылтау көп. Толық жауап жоқ. Біздің талабымыз түгел тексеріп, қайта жасалса дейміз. Біткеннен кейін мұның қалай орындалғанын ешкім тексерген жоқ. Сырттан қол қойды ма, басқа істеді ме, бізге белгісіз. Мына аппараттың жауын-шашын астында жатқанына екі жыл болды. Құны – шамамен 7 млн теңгедей», - деген зейнеткер Рашид Жұмағұлов қараусыз қалған дизель аппаратын нұсқай көрсетті. – «Жаман емес жақсы аппарат. Осыған ие бола алмай отыр. Қараусыз жатыр. Халыққа суды дұрыстап беруі керек қой», - дейді зейнеткер.

Ауыл әкімі Кенжебай Базарбайұлымен сөйлесу үшін телефон арқылы хабарласқанымызбен, жауапты басшылықпен сөйлесу мүмкін болмады. Ауыл тұрғындары су мәселесін қозғап аудан әкіміне де шыққан, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың аудан халқымен кездесуінде де көтерген.

Баршатас дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Марат Өнербаев тазартылмаған суды ішудің адам денсаулығына зиянды екендігін, әсіресе бүйрек пен бауырға тас жиналатындығын айтады.

Суды тазартпай ішу адамдардың денсаулығына қауіпті. Бүйрегіне, бауырларына тас жиналуы мүмкін. Сондықтан бұл – тез арада шешімін табуы керек мәселе. Атқарылған жұмысқа көңіліміз толмайды. Қыруар қаржыға келген жабдықтар шіріп, далада жатыр. Бұл мәселемен басшылық та, жауапты әкімдер де хабардар. Дегенмен нәтиже жоқ. Қазір ауыл тұрғындары таза су іше алмай отыр. Бірақ осы мәселені 3 жылдан бері айтып келе жатқанымызбен, қозғалмай келеді, - дейді дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Марат Өнербаев.

Тұрғындардың сөзінше, 1997 жылға дейін Баршатастың өзінде үш мектеп болған. Қазір әлеуметтік мекемелердің көбі қирап, үйіндісі ғана қалған. Баршатаста қазір бір орта мектеп, балабақша, аурухана, «Қазпошта» бөлімшесі жұмыс істейді.

Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жергілікті орта мектепте қазір 39 мұғалім, 190 оқушы бар. Дәл осы мектепте Мұхтар Мағауин, Несіпбек Айтұлы, Төлек Тілеухан, Рымғали Нұрғали сияқты танымал қаламгерлер білім алған. Сол сияқты Сенат депутаты, Ұлттық қауіпсіздік генерал-майор Нұржан Нұрсипатов, биология ғылымдарының докторы Блок Шайкенов те Баршатас мектебінің түлектері.

Аудан орталығы болған Баршатас ауылы «Балға», «РТС», «Қотыр қала», «ДЭУ» (жол жөндеу басқармасы), «ПМК» (өндірістік құрастыру кешені) деп аталатын кішігірім бірнеше ауылдан тұрған. Бір кездері Семей облыс орталығы болып тұрған тұста Баршатастан жолаушы ұшағы да қатынап тұрған.

Аягөзден батысқа қарай 175 шақырым қашықта орналасқан ауылдан аудан орталығына қатынау үшін жолдың нашарлығынан көлікпен кемінде 3 сағат жүруге тура келеді.

«Мұнда ешқандай жұмыс жоқ. Кәсіппен айналысатын өндіріс жоқ. Жастарға кәсіппен айналысу үшін жеңілдетілген несие берілсе дейміз. Халықтың жағдайы жоқ, малмен ғана күн көріп отыр. Әлі де кетіп жатыр. Үйлер бұзылып жатыр. Ауыл, аудан әкімдері сол үйлерді бұзбай алып қалса жақсы ғой. Ауыл деген үңірейіп қалды. Бұзылған үйлердің орыны тазаланбайды, қоқысқа толып кетті», - деп налыған Ақберген ақсақал ауыл ішіндегі жолдың да көптеген жөндеу көрмегенін атап өтті.

Мемлекеттік сатып алу сайтында, ауыл ішіндегі Абылайхан мен Шақантай көшесін жөндеуге жалпы сомасы 200 млн теңгеден астам қаржы жоспарланған. Алайда 2023 жылдың шілде айында қолданысқа беріледі деген ескі асфальт сүріліп тасталған. Жел соққан сайын көтерілген шаңнан тыныс алу да қиындай түседі. Дегенмен жұтаң ауылдың кейпіне қалыпты жағдай тәрізді үйлесе кеткен бұл жабайы көрініске тұрғындардың көзі әбден үйренген. Ал жауапты мекеме басшылығы жұмыстың орындалуын қадағалауға асығар емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама