×

Қарағандыда балалар жаппай уланды: бір бала қайтыс болды

Алты бала жансақтау бөлімінде жатыр

 Халық үні 01.08.2023 | 11:07
Фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болды. Алты бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

12 бала ауруханаға түсті. Әзірге олардың неден уланғаны белгісіз. Өкінішке орай бір бала қайтыс болды. 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бес баланың жағдайы орташа. Барлығы ер бала. Ауруханаға алғашқы бала 30 шілде кешке түсті, - деді Есмағамбетова.

Оқиға Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған. Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты  денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жолға шықты.

Ажар Ғиният медициналық-әлеуметтік мекемеде балалардың улануына байланысты Қарағандыға кетіп барады. Медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандарының тобы  жіберілді, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-ға қатысты қылмыстық кодекстің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қылмыстық іс арнайы прокурорлардың бақылауына қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі, – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама