×

Алматы облысында 11 мектеп оқу жылына әлі дайын емес

Жөндеуден өтіп жатқан мектептердің көбі 1970-1980 жылдардың басында салынған

 Халық үні 31.07.2023 | 17:11
Қаскелең қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы мектеп, фото: yandex.kz

Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Алматы облысының 11 мектебінің күрделі жөндеуіне мониторинг жүргізілді.

Орта білім беру комитетінің хабарлауынша, жөндеуден өтіп жатқан мектептердің көбі 1970-1980 жылдардың басында салынған. Олардың қатарында Қонаев қаласының Қ.Қайсенов атындағы №4, Іле ауданы Екпенді ауылының №2 орта мектептері, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының А. Малкеев атындағы білім-инновация лицейі, Шелек ауылының Абай атындағы, Есік қаласының Абылайхан атындағы №4 орта мектептері, Қаскелең қаласының Қ. Сәтбаев атындағы мектебі, Кеген ауданының Жаңабаев атындағы, Талғар ауданының К.Нұрпейісов атындағы, №10, № 12 орта мектептері бар. Қазіргі уақытта барлық 11 білім беру нысандарында демонтаж және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.

«Орта білім беру комитеті мен министрліктің аумақтық бөлімшелері бірлесіп мектептердің жаңа оқу жылына дайындық деңгейіне мониторинг жүргізді. 11 білім беру объектісінде кешенді жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Шартқа сәйкес аяқталу мерзімі 6 айдан 11 айға дейін созылуы мүмкін, яғни оқу жылының басында мектептер балаларды қабылдауға дайын болмайды. Біз білім басқармасымен бірлесіп оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын белгіледік. Өз кезегінде мердігер ұйымдар жөндеуді белгіленген мерзімнен бұрын аяқтауға дайын», - деп атап өтті Орта білім комитеті басқармасының басшысы Гүлнар Таласбаева.

Орта білім комитетінің ұсынымдары бойынша білім басқармасы мен мектептер әр мектеп бойынша модификациялау жоспарын әзірледі. Білім басқармасына жақын орналасқан басқа мектептердің жобалық қуаттылығын ескере отырып, барлық оқушыларды оқытумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді.

Сондай-ақ, ата-аналармен, педагогикалық қоғамдастықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау, жөндеу жұмыстарының барысын қадағалайтын мониторингтік жұмыс топтарын құру бойынша ұсыныстар берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама