×

Ақтау іргесіндегі тұрғындар шұрқ-тесік жолды өздері жамап алып отыр

Ал әкімдік оны бәрібір түгел сүріп тастап, орнына жаңа асфальт төсемек

 Еркеғали Болатұлы 31.07.2023 | 10:00
фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысында Атамекен ауылдық округінің тұрғындары жолдың ой-шұқырын өз күшімен тегістеуге кірісті, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Елді мекен Ақтаудың іргесінде орналасқан. Соған қарамастан жолдың сапасы сын көтермейді. Көлік жиі бұзылады, ал жаңбырлы күні жердің миы шығады. Атамекенде 43 мыңнан астам адам тұрады. Олар асфальт керектігін 2007 жылдан бері айтып келеді. Кезінде саяжай болған елді мекен қазір Мұнайлы ауданына қосылған. Бірақ содан бері мәселе шешілген жоқ. Бұған дейін көпшілік бірнеше рет жиналып, көшелердің кем-кетігін өз күшімен жамап тастаған. Осы жолы тағы цементпен жолды тегістеуге тура келген.

Әкімдік көмектеспеген соң өз қалтамыздан қаражат шығарып, өзіміз құйдық. Балаларға айтып, жиналып, көп болып құйдық осыны, таңғы 6-ға дейін. 5 қалта цемент кетті. Қарауылдап отырдық. Басып кетпеу үшін белгі қойып отырдық, - дейді ауыл тұрғыны Рүстем Көшербаев.

Тұрғындар 2,5 және 3 шақырымдық қос көше жолын қалпына келтірген. Ал әкімдік өкілдері аудандық маңыздағы тасжолды толық жөндеу биыл атқарылатын жұмыс жоспарына енгізілгенін айтып отыр. Яғни ескі жол сүріліп, жаңадан асфальт төселеді.

Ол жердің ой-шұңқырын бітемей отырған себебіз – жаңадан реконструкцияланады. Орталық жолды қайта құрылымдау жобасы жасақталды. Бүгінде қайта сараптамадан өтіп, қаражаты нақтыланып жатыр.

Ол жұмыстарға жеңімпаз анықталды. Бұйырса, бұл жұмыстар республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда басталады», - деді аудандық бөлім басшысының міндетін атқарушы Болат Байбозов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама