×

Қостанайда Ресей азаматы Kinder ойыншығымен марихуана алып өтпек болған

Тексеру кезінде есірткінің иісін қызметтік-іздестіру иті сезіп қалған

 Еркеғали Болатұлы 26.07.2023 | 10:50
фото: casertace.net

Қостанай облысындағы «Қайрақ» автокөлік өткізу пунктінде мемлекеттік шекарадан өту кезінде полицейлер ресейліктен Kinder шоколадына тығып қойған есірткіні тәркіледі.

Нақты айтқанда, «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қарабалық аудандық полиция қызметкерлері және Қостанай облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері ресейліктен марихуана тапты.

Ресейге қарай шекараны кесіп өткен жолаушыны тексеру кезінде қызметтік-іздестіру иті есірткінің иісін сезді. Шетелдік азамат өзімен бірге тыйым салынған зат бар екенін мойындап, ішінде 3 грамм марихуана болған Kinder тосын сыйын берді, – деді Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.

Қазір сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Жалпы, Қостанай облысының полицейлері осы «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері заңсыз айналымнан салмағы 10 келіден асатын түрлі есірткі заттарын тәркілеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама