×

Екі аптада күй тартып үйренді: «Жас Қазақ» жазғы этнолагері шалғайда жүрген 200-ге жуық қазақ баласының басын қосты

Қандастардың балаларына арналған жазғы лагерь екі аптаға созылды

 Ая Өміртай 16.07.2023 | 09:52
фотолар: Halyq Uni

Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен бастау алған «Жас Қазақ» жазғы этнолагерінің салтанатты жабылу кеші өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

2019 жылы басталған, елден жырақта жүрген қандастарымыздың балаларына арналған жазғы лагерь биыл үшінші мәрте Бурабай төріндегі IQanat High School of Burabay мектебінде жалғасын тапты. Әлемнің 8 мемлекетінен (АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей) 200-ге жуық қазақ балаcы тарихи отанына келіп, бір-бірімен сағыныса қауышты.

Мәселен Мәскеуден келген 11 жасар Дана дәл осы орталыққа келіп домбыра шертуді үйренген.

Қазақша түсінемін, бірақ сөйлеу қиындау. Маған қазақ тілін анам үйретті. Ол Мәскеуде қазақ тілінен сабақ береді. Ал әкем зауытта жұмыс істейді. Қазақстан өте әдемі екен. Мен «Балбырауын» күйін екі апта ішінде үйреніп алдым, - дейді Дана.

Балалар «Жас Қазақ» жазғы этнолагеріне жолдаманы түрлі байқауларға қатысып ұтып алған. Моңғолиядан келген 13 жастағы Марал Бейбітхан қалалық байқауда тіл туралы эссе жазып 3-ші орын алған. Біз онымен садақ ату үйірмесінде жолығып, әңгімеге тарттық.

Бұл жерге қалалық сайыстардан өтіп келдік. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген конкурста мен эссе жазып, үшінші орын алдым. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Мұнда біз келгенде күн ерекше ысып кетті. Соған шыдай алмай жатырмыз, - деп жымиды Марал.

Ол үйірмеде садақ атуды үйренгенін, оның өзіндік ережесі болатынын жеткізді.

«Садақ атудың өз ережесі болады екен. Біріншіден, шынтақ деңгейі бірдей болуы керек. Оны осындағы ұстазымыз үйретті. Өзім келешекте IT саласының маманы болғым келеді. Үйдегілер Қазақстан университеттерінің бірінде оқисың деп жатыр», - дейді Марал Бейбітхан.

Ал 14 жастағы Мұхамедәли Тоқтамұратұлының ерекше хоббиі бар. Ол қазір көшпенді қазақ өмірінен сыр шертетін фотоальбом жинақтап жатқанын айтты.

«Мен фотоға түсірумен айналысамын. Сайыста көшпенді қазақ өмірін бейнелейтін фотосуретім жүлделі орынға ие болды. Ауылдарға барып көшпенді қазақ өмірін түсіремін. Лагерь көп дос тауып берді. Келешекте халықаралық фотоконкурстарға қатысқым келеді», - деп арманымен бөлісті ол.

Этнолагердің «Жас Қазақ» деп аталуы да тегін емес. Лагерьдің негізгі мақсаты – 8 мемлекеттен келген этникалық қазақ балаларының арасында байланыс орнату, қазақтың ұлан-байтақ жерін көрсету. Жобаның міндеті – жырақта жүрген отандастарымыздың елге деген қызығушылығын арттыру және оқуға шақыру.

Лагердің салтанатты жабылу кешінде сөз алған «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы 1 шілдеде басталған лагерь жұмысының нәтижелі аяқталып отырғанын айта келе, балалардың болашағының зор екендігіне сенім білдірді.

«Өздеріңізге мәлім, «Отандастар» қоры – мемлекет атынан шетелдегі этникалық қандастарымызға бірден бір қолдау көрсететін ұйым. Сондықтан «Отандастар» қорының жазғы лагері атажұртыңыз Қазақстанның қолдауы деп сезініңіздер. Қазір шет елдерде 7 млн-ға жуық этникалық қандастарымыз тұрып жатыр. Бала – біздің болашағымыз. Сіздерге қарай отырып, алдағы он жылдығымыздың керемет боларына сенеміз», - деген қор президенті қандастарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары жалғаса беретіндігін жеткізді.

Ал мәжіліс депутат Үнзила Шапақ жас жеткіншектерге заң шығаратын орган – Парламенттің атқаратын қызметі мен маңызы туралы әңгімелеп берді.

«Біздің еліміздің болашағы, алдын діңгегі – балалар. Қазақстан балалар болашағы үшін не істейді? Соның ішінде заң шығаратын орган – Парламент қандай қызмет атқарады? Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылдан бері мемлекет басшысы қызметін атқарып келеді. Алғашқы жылы-ақ 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. 2020 жылы «Еріктілердің жылы» атануы болашағымызды жастармен ғана байланыстыратынымыздың айғағы. Қазір Парламентте қабылданып жатқан заңның бірі – «Ұлттық қор – балаларға» деп аталатын заң жобасы аясында келер 2024 жылдан бастап, барлық балалардың атына есеп шот ашылады. Кез келген елдің арманы – балалар мен жастардың өркендеуі, өсіп-өнуі. Қазақ балалар қай елде, қай жерде болсын асқақ арманмен өсуі ерек. Жастар – біздің қазақ елінің асқақ, биік бейнесі болуы қажет», - деді депутат.

Салтанатты жиынға арнайы келген қонақтың бірі – Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Доржийн Баярхүү екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты арттыратын өміршең жобалардың маңызы туралы атап өтті.

«Моңғолияда көптеген этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Баян-Өлгий аймағында ғана емес, Ұлан-Батор қаласында, Налайхы, Дархын аймақтарында өмір сүреді, жұмыс істейді. Моңғолиядан 46 бала келіп, осында демалып жатыр. Менің ойымша, балалар өздеріне жақын достар тапты. Өзіміз де кезінде пионер лагерінде болып, керемет тәжірибе жинақтаған кезіміз болған. Аталған жобаны іске асырған ұйымдастырушы топқа үлкен алғыс білдіремін. Өз елдеріңізге оралған соң, осы бір әдемі сәттерді ұмытпай жүресіздер деген ойдамын», - деді Моңғолия елшісі.

Лагерь оқушылары қазақ тарихындағы белгілі ордалардың атауына сай өзара топтасып, әрқайсы өз ұранын шығарған. IQanat High School of Burabay мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директоры Жәния Есмағамбетова балалардың әр күні қызықты өту мақсатында арнайы күн тәртібі бекітілгенін, сондай-ақ олар асық ойнау, алтыбақан тебу, садақ ату сынды ұлттық ойындардан бөлек, заманауи сала мобилографиядан сабақ алғанын айтты.

«Жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қоймай өз тәжірбиесімен бөлісті. Әсіресе басты назар – қазақ тіліне қойылып, балалардың барынша ана тілін үйреніп кетуіне негіз болу. Осы лагерьде жаңа достар таба алдыңыздар. Жаңа дағдыларға ие болдыңыздар. Сондықтан да дәл осындай ұлттық жобаларға атсалысуға дайынбыз», - дейді Жәния Есмағамбетова.

Жоба аясында екі апта бойы үздік нәтиже көрсеткен «Көк Орда» тобы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ балаларға «Отандастар» қоры атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама