×

Қазақ отбасыларының 95%-ы өтірікпен өмір сүреді – ойынқұмарларды емдейтін маман

Психолог ішкіш, нашақор, ойынқұмары жоқ бір де бір қазақ әулеті қалмағанын айтты

 Ербол Тұрымбет 14.07.2023 | 10:43

Елімізде лудоманияға шалдыққандар арасында егде жастағылар мен қыз-келіншектер көбейе бастаған. Осы ауруға тап болғандарды емдеумен айналысатын Қазақстандағы қазақтілді жалғыз психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, оның бәрі отбасындағы осы олқылықпен уақытылы айналысудың орнына, жасырып қалу әдетінен болып отыр.

Негізі бұл жастардың ауруы. Психологиялық тұрғыдан келгенде, көбіне солар ауырады. Жасы 40-тан асқандарда сирек кездеседі. Алайда қазір жасы 50-ден асқандар арасында да осыған шалдыққандар көбейіп жатыр. Оның үстіне, осыдан үш жыл бұрын ойынқұмарлық ауруына шалдыққан қыздар-әйелдер бірен-саран еді. Қазір ер азаматтармен бірге, қыздар мен әйелдердің де саны арта бастаған, – дейді ол.

Психологтың айтуынша, қазір осы мәселеге қатысты қазақтілді мамандарды көбейту мәселесін қолға алған. Алайда осы жұмысты шын жан-тәнімен істеуге ешкім келмейтінін айтады. Өйткені көбі тереңдеп бойлағысы келмейді.

Осы жерде мен үлкен жауапкершілікті сезінем. Сондықтан тұрақты түрде істеп келем. Біздің орталық та менің келуіммен қазақ тілінде жұмыс істеуді бастады, – дейді маман.

Серікгүл Сәлидің сөзінше, қазір қазақ тілінде жұмыс істейтін орталық Шымкентте ашылып жатыр. Одан соң Ақтаудан ашу жоспарланған. Себебі осы кеселге шалдыққандар осындай қазақтілді орталарда күрт көбейіп жатыр. Сондықтан лудоманиямен айналысатын қазақша маман барын естіп, орысша бір де бір сөз түсінбейтін таза қазақтілділер келе бастаған. Әсіресе, ең өкініштісі, ішкіш, наркоман, ойынқұмар адамы жоқ бір де бір қазақ әулеті қалмаған.

Дәл менің отбасымда болмаса да туған ағам, інім, әпке-сіңлімнің үйіндегі күйеуі немесе баласы осындай. Яғни, бұдан таза әулет жоқ. Сондықтан дертімізді жасырып, біліп қоймасын деп, өтірікті айтып, өтіріктің ішінде өмір сүреді. Қазақы отбастарының 95%-ы өтіріктің ішінде өмір сүреді, – дейді ол.

Айта кетейік, елордадағы орталықта осы күні жүз адам емделіп жатыр. Оның жартысы лудоманияға шалдыққандар. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама