×

ШҚО-да құны 500 млн теңгеден асатын жер мемлекетке қайтарылды

Облыстық прокуратураның 1-жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы жасалды

 Динара Амантай 13.07.2023 | 12:57
Фото: ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі

ШҚО-да құны 500 млн теңгеден асатын жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы облыс прокуроры Алмат Байшолақов 2023 жылдың 1-жартыжылдығындағы прокуратура органдарының жұмыс қорытындысы жөніндегі баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Өңірде қылмыстардың барлық санаттары бойынша қылмыстық құқықбұзушылық деңгейі 26%-ға төмендеген.

Бірақ аймақта синтетикалық есірткінің таралуына байланысты есірткі қылмыстары ерекше алаңдаушылық туғызады. Құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерімен 126 қылмыстық есірткі құқықбұзушылығы анықталып, 44 өткізу фактісі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 240 келіден аса есірткі, оның ішінде 3,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, – деді Алмат Байшолақов.

Сонымен қатар, жыл басынан бері 287 қызметкердің конституциялық құқығы қорғалды. Оларға 141 млн теңге көлемінде жалақы төлеу кешіктірілген.

Сондай-ақ жалпы кадастрлық құны 500 млн теңгеден асатын, көлемі 21,5 мың гектар пайдаланылмаған 84 жер учаскесі қайтарылды. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескеріп, бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғау бойынша белгілі жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері қабылданған шаралармен 2,5 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды, – деп толықтырды спикер.

Баспасөз конференциясы барысында прокурор әкімшілік орталық үшін өзекті саналатын үлестік құрылыс мәселелерін де айтты. Үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқан 4 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құрылыс мекемелеріне қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесі шешіліп жатыр. Өскемен қаласы әкімдігінің сайтында үлескерлердің қаражатын тартуға хақысы жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі бар.

Алмат Байшолақов прокуратура органдарының тұрақты қадағалау және бақылау аймағында кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелері бар екеніне назар аударды.

АДК сауда орталығындағы жасөспірім қыздар арасындағы төбелес балалар қылмысы мен қорқытып, бопсалаудың алдын алуға байланысты проблемалар бар екенін көрсетті. АДК сауда орталығындағы оқиға бойынша сот үкімі шықты. Кәмелетке толмаған екі жасөспірімге 3 жыл бас бостандығынан айыру («Бұзақылық және бопсалау» бойынша), үшіншісіне қатысты 1 жыл бас бостандығын шектеу («Бұзақылық») түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, – деді прокурор.

Сондай-ақ спикер прокуратура БАҚ-қа тұрақты мониторинг жүргізілетінін айтты. Прокуратура органдарының араласуын талап ететін барлық жарияланымдар бақылауға алынады. Жеке мәліметтер қадағалау қызметінде қолданылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама