×

Қостанай облысында мүгедектігі бар адамдарға бейімделмеген мекемелерге айыппұл салынды

Өңірде 1 мыңнан аса нысанды бейімдеу көзделген

 Динара Амантай 13.07.2023 | 11:23
Фото: ЕХӘҚ министрлігі баспасөз қызметі

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқығын қамтамасыз ету шеңберінде Қостанай облысында 583 әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бейімделді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 275 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай бейімделген.

Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, AMANAT партиясының Жол картасы және «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында ел аумағында бейімделуге тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4 мың 400 нысанның сай келуі қажет. Ал биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша 9 мың 128 нысан бейімделді.

Қостанай облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1 мың 294 нысанды бейімдеу көзделген. Қазір жергілікті атқарушы органдар 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 нысанның 583-інде бейімдеу іс-шараларын жүргізді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында жоғарыда көрсетілген нысандардың ішінен 275-інің толық бейімделуі расталды.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 76 тексеру жүргізілді. Оның 11-і – жеке тұлғалардың өтініштері бойынша және нұсқамалардың орындалуын бақылау бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерулер, 25 нысанда профилактикалық бақылау шеңберінде, прокуратура органдарының ұсыныстары бойынша 40 тексеру болды.

Барлық тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 49 ұйғарым берілді, 2,6 млн теңгеден асатын 18 әкімшілік айыппұл салынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама