×

Рұқсат етілмеген орындарда шомылғандарға 24 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Жыл басынан бері 3 мыңға жуық азамат жауапқа тартылды

 Динара Амантай 12.07.2023 | 16:22
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Жыл басынан бері рұқсат етілмеген орындарда шомылған адамдарға 24 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте құтқарушылардың жедел іс-қимылдарының арқасында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 5 адам, оның ішінде 2 жасөспірім құтқарылған.

Мәселен, кеше кешке Көкшетау қаласының құтқарушылары Қопа көлін патрульдеу кезінде 1993 жылы туған ер адамды құтқарып, жағаға жеткізді. Ол мас халде жағадан 600-700 метрге жүзіп, өз күшімен жағаға жете алмаған.

Осыған ұқсас жағдай Өскемен қаласында тіркелді. Онда өңірдің құтқарушылары Ертіс өзенін патрульдеу кезінде 1974 жылы туған ер адамды құтқарып, жағаға жеткізді. Ер адам мас халде өзеннің ортасында шомылып, жағаға өзінің күшімен жете алмаған.

Сонымен қатар, БҚО құтқарушылары Деркөл кентінде Шаған өзенін патрульдеу барысында 2006 жылы туған екі жасөспірімді құтқарды. Жасөспірімдер шомылуға рұқсат етілмеген орында шомылып, жағаға жете алмаған.

Ақтау қаласының құтқарушылары Каспий теңізінің жағалауын патрульдеу кезінде 2002 жылы туған жігітті құтқарып, судан жағаға жеткізді.

Жалпы, жыл басынан бері шомылуға рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны үшін 2 мың 702 адамға 23 млн 810 мың 728 теңге айыппұл салынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама