×

Шүменов соққыға жыққан ер адамның ұлында аутизм белгілері бар болып шықты

Боксшы екі тарап бітімге келгенін айтты

 Халық үні 12.07.2023 | 15:17
Фото: boxingscene.com

Боксшы Бейбіт Шүменов Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде болған жанжалға қатысты өз нұсқасын баяндады. Қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген Бейбіт Шүменов жанжалдың қалай басталғанын (өз нұсқасы), соңы немен аяқталғанын айтып берді.

Боксшының айтуынша, оның 8 жастағы ұлы балалар алаңында ойнап жүргенде, оны басқа бала еш себепсіз ұра бастаған. Сосын боксшының ұлы одан қашып, басқа жерге барып ойнаған.

«Сосын бірнеше минуттан кейін әлгі бала қайта оралып, менің ұлыма шабуылдай бастады. Менің ұлым одан жалтарып, қаша бастады. Сосын ер адам келіп, әлгі баланы алып кетті. Менің балам мұндай жағдайға үйренбеген, ол үшін бұл стресс болды. Сосын ұлым маған келіп, әлгі баланың оған күш көрсеткенін айтты. Арқасын көрсетті, қызарғанын, сызат түскенін байқадым. Оны көрген соң әлгі ер адамға барып, әлгі баланың әкесі екенін сұрамақ болдым. Ал ол болса өте дөрекі жауап берді: «Ұрды ал, не болыпты? Маған не істей аласың?».

Оның дөрекі жауабына төзе алмадым. Басында оның жауабына аң-таң болдым, сосын ашуға булықтым. «Сен қалай-қалай сөйлейсің» деп жағасынан алдым. Сосын ол сол қолына бір құрылғы алып, шабуылдай бастады. Артынан қолындағы құрылғының пышақ еместігін біліп, қалқан ретінде пайдаланған оң қолындағы баласын қойды да, суық қаруымен шабуылдады. Пышақты ішіме қарай сермегенде қашып үлгердім. Сосын пышақты тастады да, тағы да қолына баласын қалқан қылып ұстап алды. Маған пышақ ала жүгірген соң ашуыма міндім. Бұл жерде мен баламды тек әке ретінде қорғамай, өзімді қорғамаққа көштім», - деп жазды Бейбіт Шүменов.

Жанжал болған жерге полиция келіп, оларды Есіл ауданының бөлімшесіне апарған. Сол жерде әлгі баланың анасы да болған.

Балалар түк болмағандай сол жерде ойнады. Оның анасы менен, менің жарымнан, ұлымнан кешірім сұрады. Ұлында аутизм белгілері барын айтып, айналасындағыларды себепсіз ұрып-соғатынын жеткізді. Осыны естігенде менде аяныш сезімі пайда болды. Мен балаларды өте жақсы көремін, оның ұлының денсаулығы түзелгенін шын жүректен тілеймін.

Біз сол жерде жылы қоштасып, бір-бірімізге сәттілік тіледік, - деп жазды боксшы.

Боксшы қазір бұл жанжалдың тарқағанын, екі тарап бітімге келгенін жазды. Сондай-ақ осындай оқиғаның куәсі болған, жанжал кезінде ер адамның қолында болған баладан кешірім сұрайтынын айтты.

Еске салайық, жанжал 18 маусым күні Астана қаласында болған. Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев боксшыға қатысты «бұзақылық» бойынша іс қозғалғанын, ал уақытында Бейбіт Шүменовке шара қолданбаған полиция қызметкері жауапқа тартылатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама