×

Ақтөбе облысында 3 мыңға жуық ата-ана жауапқа тартылды

Сондай-ақ 81 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды

 Динара Амантай 12.07.2023 | 13:43
Фото: polisia.kz

Ақтөбе облысында балаларының қараусыз көшеде жүруіне байланысты 3 мыңға жуық ата-ана жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу үшін, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп, профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Мысалы, жуырда прокуратура, қала әкімдігі, мәслихат депуттарымен бірлесіп өткізілген түнгі рейд кезінде 3 кәмелетке толмаған жеткіншектің кафелерде жүргені анықталып, олардың заңды өкілдеріне және осы мекемелердің басшылығына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Жыл басынан бері түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін ішкі істер органдарына 3 мыңнан аса кәмелетке толмаған жеткізілді. Заңды өкілінсіз кәмелетке толмағандардың үй-жайдан тыс болғаны үшін 2 мың 734 ата-ана жазаға тартылып, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болғаны үшін 116 жасөспірім және оларға рұқсат берген 65 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 125 ата-анаға әкімшілік жаза қарастырылса, 81 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін сақтауға, олардың мінез-құлқына ерекше мән беруге, бос уақытын қалай өткізетінін қадағалауға шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама