×

Қостанайда қылмыскерді ұстауға көмектескен жасөспірімдер марапатталды

Балалардың айғақтары заттай дәлел табуға көмектесті

 Динара Амантай 11.07.2023 | 16:16
Фото: polisia.kz

Қостанай облыстық ПД бастығы шағын аудандардың біріндегі дүкенде сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы ақшаны жымқырып кеткен күдіктіні ұстауға көмектескен жасөспірімдерді марапаттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қостанай облысының ПД бастығы Ерлан Файзуллин жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына грамоталар мен алғыс хаттар табыстады.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2 шілдеде кешке «102» пультіне ер адамның шағын аудандардың біріндегі дүкенге кіріп, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадан 35 мың теңге ұрлап кеткені туралы хабарлама түскен. Күдікті дүкеннен шыққан бойда сатушы айқайлай бастаған. Дүкеннің жанында болған 4 жасөспірім көмек сұрап айқайлаған дауысты естіп, күдіктінің соңынан жүгірген. Осы уақытта сатушы полиция шақырды. 8-сыныптың екі оқушысы мен 6-сыныптың екі оқушысы қашып бара жатқан адамды телефонға түсіріп алып, оның пышақ лақтырғанын көрген. Кейін жасөспірімдердің айғақтары заттай дәлел табуға көмектесті.

Біз қарақшы жүгірген жақта полицияның учаскелік пункті бар екенін білдік. Сондықтан көмек жақын арада келетініне сенімді болдық, – деді күдіктінің артынан қуған жасөспірімдердің бірі.

Күдіктіні ұстаған учаскелік полиция инспекторы Сәбит Әбішев пен учаскелік полиция көмекшісі Ренат Изабеков шақыруға дереу барған. Ұрланған ақша тәркіленіп, көп ұзамай қылмыс құралы да табылды.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы («Тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қостанай облысының ПД бастығы Ерлан Файзуллин ата-аналардың перзенттеріне патриотизм мен өзгенің қиыншылығына бей-жай қарамай, жанашырлық сезімін ұялата алғандарын атап өтіп, алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама