×

Инсульт қаупі қашан туындайды: қазақстандықтар нені білуі керек?

Әлемде жыл сайын 5 млн-нан аса адам инсульттан көз жұмады

 Дәурен Ерболат 06.07.2023 | 14:22
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Астанада «Инсульт мектебі 2023» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Іс-шара 6-7 шілде аралағында өтеді. Конференцияны ДСМ «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бесінші рет ұйымдастырып жатыр.

Инсульт немесе ми қан айналымының жіті бұзылысы – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін кезек күттірмес жағдай. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инсультты әлемде індет деп жариялады.

Сондықтан жиынға инсультқа шалдыққан науқастарды емдеуге саналы ғұмырын арнаған білікті дәрігерлер қатысып жатыр. Олар Италия, Германия, Литва, Украина және тағы басқа елдерден келген.

Ғылыми конференцияға жалпы 200-ге жуық маман қатысады деп жоспарланып отыр.

Жиында Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы Ержан Әділбеков Қазақстанда инсульт қызметін дамытудың жаңа тұжырымдамасын ұсынып, ауру қандай жағдайда туындайтынын айтты.

Жоғары қан қысымы, жүректің әртүрлі ауруы (атриальды фибрилляция, миокард инфаркты, ревматизм және тағы басқа), қант диабеті, алдын-ала өтпелі ишемиялық шабуылдар (TIA) және алдыңғы инсульттар, сондай-ақ гиперхолестеринемия, алкогольді шектен тыс пайдалану, темекі тарту, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, стресс және дене белсенділігінің төмен болуы адамда инсульт қаупін арттырады, - деді орталық басшысы.

Статистикаға сәйкес, әлемде жыл сайын 33 млн-нан аса адам инсультпен ауырады. Оның 5 млн-ы осы аурудан қайтыс болады.

Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсультқа шалдығады. Олардың арасында өліп кеткендері, мүгедек болып қалғандары да бар. Мысалы, биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 2022 жылмен салыстырғанда ишемиялық инсультқа шалдыққандар саны 1302 дерекке артқан.

Ержан Әділбековтің пікірінше, Астанада өтіп жатқан ғылыми конференция ұлттық платформаға айналған.

Себебі, мұнда біз мидың қан тамыры ауруы бар науқастарға медициналық көмек көрсетудің өзекті мәселелерін талқылаймыз. Биыл ғылыми-практикалық конференция тақырыбы алуан түрлі әрі өте маңызды. Ғылыми-практикалық конференция бағдарламасында Қазақстанда инсульт қызметін ұйымдастыру, нейровизуализациялық диагностика, тромболитикалық терапияны пайдаланып, инсультты емдеу, ашық нейрохирургиялық және эндоваскулярлық оперативті араласулар, қайталама профилактика мәселелерін талқылау жоспарланып отыр, - деді ол.

Басшы жиынға неврология, нейрохирургия, кардиология, реаниматология саласындағы білікті шетелдік және отандық мамандар қатысып жатқанын атап өтті.

«Біз конференция барысында заманауи жетістіктерді талқылаймыз. Сондай-ақ ми қан айналымы бұзылған науқастарға көмек көрсету кезінде нейрохирургия мен неврологиядағы әдістер бойынша тәжірибе алмасамыз» - деп сөзін түйіндеді Ержан Әділбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама