×

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан ҚазҰУ ректоры ұлының өлімі бойынша әскери қызметкер сотталды

Сотталушы кінәсін мойындамаған

 Халық үні 04.07.2023 | 16:41
фото: Қаңтар оқиғасы, 2022 жыл

Алматы гарнизонының әскери сотында қару қолдану арқылы билікті және қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану бойынша (ҚК 451-бабының 2-бөлігімен 1-тармағымен) айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық қаралды.

Сотта анықталғандай, 2022 жылдың 6 қаңтарында сотталушы М. Алматы қаласында төтенше жағдай кезінде, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тартылған 18404 әскери бөлімі бөлімшесінің құрамында бола отырып, «Республика» алаңының жанында (билік өкілі бола отырып) билік өкілеттігін айқын асыра отырып, қару қолдануға негіз болмауына қармастан бағдаршамның алдындағы қиылыста тұрған Lexus 570 көлікке автоматпен бірнеше рет оқ атып, салдарынан жүргізуші қаза тапқан.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға түпкілікті 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады.

Алматы гарнизонының әскери соты жаза тағайындау кезінде сот сотталушының жас балаларының барын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Ал ант берген адамның қылмыстық, құқық бұзушылық жасауын ауырлататын мән-жай ретінде таныды.

Осылайша, сотталушыға 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар Алматы қаласында 6 қаңтар кешке сағат 18:35 шамасында комендант сағаты басталғанға дейін көлігімен үйіне қайтып бара жатқан. Назарбаев көшесімен жоғары қарай жүріп келе жатқанда Сәтбаев көшесіне жетпей қиылыста тоқтаған. Осы уақытта белгісіз біреулер кенеттен оқ жаудырған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Күдікті 2022 жылдың 21 қазанында ұсталып, қамауға алынды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама