×

«Махаббат мұнарасы» Астанада: Айнұр Көпбасарова түркістандық театрдың басты ерекшелігін айтып берді

Астана күніне орай түркістандық театр көрерменге 4 қойылым ұсынады

 Гүлбаршын Нұрхан 04.07.2023 | 11:40
фото: Halyq Uni

Түркістан музыкалық театры Астана күніне орай елордаға гастрольдік сапармен келді. Театр Астана қаласының 25 жылдығына және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай көрерменге төрт туындысын тарту етеді: «Фариза», «Махаббат мұнарасы», «Мағжан» және «Қорқыт туралы аңыз».

«Махаббат мұнарасы» Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасы желісі бойынша сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Басты рөлдерді Ақбота Рахат, Жұлдыз Абдукаримова, Әділ Ахметов және Түркістан музыкалық драма театрының актерлері сомдайды.

Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова театрдың ерекшелігі, қойылымдардың мазмұны мен актерлердің қалай таңдалғаны жайлы әңгімелеп берді.

Айтуынша, театрдың Астанаға келгеніне екінші күн болса да, қойылымды елордалықтар ерекше ризашылықпен қабылдап жатыр. Тіпті, осы қойылымдар үшін басқа қаладан арнайы келіп көретіндер де бар.

Біз Астана қаласына гастрольдік сапарымызды «Фариза» спектаклімен ашқан болатынбыз. Өйткені «Фариза» - біздің тырнақалды туындымыз. Алғашқы күні театрда аншлаг болды. Бұған дейін қойылымды көре алмай қалған көрермендер келіп, өздерінің ыстық ықыласын, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар біздің Түркістан театры ұсынған қойылымдарға еліміздің басқа қалаларынан да көрермен келіп жатыр, - деді Түркістан театрының көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.

НЕ ҮШІН «МАХАББАТ МҰНАРАСЫ» ТАҢДАП АЛЫНДЫ?

Негізі, Түркістан музыкалық театрының репертуарында 7 спектакль бар. 

«Түркістан театрының ашылғанына бір жарым жыл ғана болды. Біздің репертуарымызда жеті спектакль бар. Сол жеті спектакльдің бәрін алып келу мүмкін емес. «Бөрте» спектаклі Астанада қойылып, үлкен ажиотажбен өтті. Астананың 25 жылдық және Түркістан облысының 5 жылдық мерейтойына байланысты тарту жасап, төрт спектаклімізді алып келдік. Нұрқанат Жақыпбай Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі осы қойылымның режиссері болғандықтан, сол кісінің «Махаббат мұнарасы» спектаклін қойдық. Енді Түркістан музыкалық драма театры бұған дейін Астанада «Бөртені» қойғаннан кейін, өз репертуарымыздағы таңдаулы қойылымның бірі «Махаббат мұнарасын» таңдадық, - дейді Айнұр Көпбасарова.

Түркістан театрының көркемдік жетекшісінің айтуынша, «Махаббат мұнарасының» ең басты ерекшеліктерінің бірі – музыкасында. Қойылымдағы Либретто музыкасы төрт жүз жылдық тарихы бар амати деген инструментпен жазылған. Спектакльдің премьерасында Швейцарияда тұратын қазақстандық музыкант Эльдар Сапараев осы аспаппен музыканы ойнап берген.

«Махаббат мұнарасы» қойылымы бойынша тек басты рөлдегі актриса кастингтен өткен. Ал қойылымда негізінен Түркістан театрының актерлері, балет әртістері өнер көрсетеді.

«Кастингтен тек басты рөлде ойнайтын актриса ғана өтті. Кастингке бірнеше актриса келді. Бірақ біз Жұлдыз Абдукаримова және Ақбота Рахат деген актрисаларды шақырдық. Жұлдыздың негізгі мамандығы – актриса, Тұңғышбай Жаманқұловтың шәкірті. Алайда осы уақытқа дейін театрда актриса болып ойнаған жоқ. Сондықтан біз Жұлдызды жаңаша қырынан көрсету үшін, осы қойылымға шақырдық. Жұлдыз өз рөлін алып шықты деп ойлаймын.

Бізде жас ерекшелігіне байланысты жасы кей актерлерді сырттан шақырдық. Өйткені біздің балалар ол жасқа жеткен жоқ. Сондықтан отыз жастағы сұлудың рөлін Жұлдыз Абдукаримова ойнаса, егде жастағы суретшінің рөлін Әділ Ахметов сомдайды. Негізі бұл театр – эксперименталды театр болғандықтан, жаңа форма, жаңа ізденіс үстінде көрермендерді ұстап қалу үшін осындай тәжірибелерді қолданып жатырмыз», - деді Айнұр Көпбасарова.

ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІГІ ЖАЙЛЫ

Түркістан музыкалық театрының әртістері Ресейде және Қазақстандағы өнер академияларында оқыған. Театрдың ең кіші актері 18-де, ал ең үлкені 25 жаста.  Бұған дейін театр гастрольдік сапармен Алматыға, Астанаға және Мәскеуге барған.

Біздің театрдың өзіндік жаңа формасы бар. Еуропа театрларының, көршілес Ресейдің театрларының моделін алғанбыз. Әртүрлі театрлардан әртүрлі буындағы актерлер де келіп, қойылымдарда ойнайды. Біздің театрда орта, үлкен буындағы актерлер жоқ, негізінен жастар. Сондықтан біз елге белгілі, кәсіби тәжірибесі бар актерлерді шақырамыз, - деді Түркістан театрының көркемдік жетекшісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама