×

Атбасарлық әйел бұрынғы енесі мен абысынының атынан несие рәсімдеп алған

Жәбірленушілер өздеріне несие рәсімделгенін қарызы туралы хабарлама келгенде бір-ақ білген

 Динара Амантай 04.07.2023 | 10:10
Фото: inbusiness.kz

Ақмола облысының полицейлері туыстарының атына алаяқтық жолмен несие рәсімдеген келінді анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 1 шілдеде Атбасар аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне ауыл тұрғынынан арыз түскен. Ол өзі мен келініне белгісіз адамның алаяқтық жолмен онлайн-микронесиелер рәсімдегенін хабарлады. Жәбірленуші өзіне несие берілгенін қарызы туралы хабарлама келгенде бір-ақ білген. Осыдан кейін ол банкке жүгініп, 2022 жылдың тамызында 251 мың теңге несие алғанын білді. Әйел адам барлық жағдайды анықтау үшін дереу полициядан көмек сұрады.

Аталған деректерге қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. Оқиғаға қатысты мән-жайларды анықтау барысында жәбірленушінің бұрынғы келіні оны және өзінің абысынын телефонына суретке түсіріп, оның жұмыс үшін қажет екендігін алға тартқаны белгілі болды. Көп ұзамай, полицейлер 30 жастағы келіншекті анықтады. Оның осы құқықбұзушылыққа қатысының бары тексеріліп жатыр.

Осыған байланысты полицейлер кезекті рет барлық азаматқа күмәнді өтініштер бойынша жалғыз суретке түспеуді, жеке құжаттарын қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама