Бұған дейін апелляциялық сот алқасы кәсіпкерге шыққан үкімнің күшін жойды
Кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күші жойылды. Астананың апелляциялық сот алқасы кәсіпкерді кінәсіз деп таныса, ол моральдық және материалдық шығынды өндіріп алуға құқылы, деп хабарлайды Halyq Uni.
Заңгер Бауыржан Азановтың айтуынша, қамауда отырған адамның кінәсіз екені дәлелденсе, ол шығынды өндіріп ала алады.
Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот инстанциясы Боранбаевты толық ақтап шығарса, кәсіпкер адвокаттарға жұмсалған қаражат пен басқа да шығындарды өндіру үшін дәл осы сотқа жүгіне алады. Ол үшін кінәсіз деп танылуы керек. Одан кейін моральдық шығын бар. Боранбаев бір жылдан аса уақыттан бері қамауда отыр. Сол аралық үшін моральдық шығынды соңғы тиынына дейін өндіруге құқылы, - дейді Бауыржан Азанов.
Істі Астанадағы сот қарап жатқандықтан, материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы талап арызды да осы сотқа бере алады. Мұндай жағдайда қаражатты Қаржы министрлігі мемлекеттік қазынадан төлейді.
Бауыржан Азанов ақталып шыққан азаматтардың материалдық және моральдық шығынды өндіріп алу үшін азаматтық талап арыз беруге тырыспайтынын айтты.
Менің қорғауымда болып, ақталып шыққан азаматтар сотқа азаматтық талап арыз бермей қойған. Шығынды өндіріп алайық деген кезде, бас тартты. Себебі адам болған соң шаршайды. Кей іс 10 ай, бір жылға созылады. Тергеу абақтысында отырады. Менің қорғауымда болған адамның барлығы бас тартты, – дейді заңгер.
Айта кетейік, Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.
Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталған еді.
Сотталғандарға қатысты үкімнің күшін жоюға Ресей тарапынан «ҚазТрансГаз» АҚ-ға ұсынылған газ бағасы туралы бастапқы деректердің болмауы себеп болды. Мәмілеге сәйкес «ҚазТрансГаз» АҚ «Азия-газ Чунджа» ЖШС-дан мың текше метр газ үшін 167,32 доллардан 176,98 АҚШ долларына дейінгі бағаға газ сатып алды.
«Үкім «Газпром» ЖШҚ мен «Қазмұнайгаз» АҚ арасындағы 2019 жылдың 12 шілдесіндегі кеңесудің хаттамасы болған деген болжамға негіздлеген. Ол жерде 18-тармақта мың текше метр газ үшін баға 145 АҚШ доллары деп көрсетілген. Бағаның айырмашылығын газдың бағасын көтеру арқылы жасалған ұрлық деп есептеген. Алайда сол хаттаманың түпнұсқасы жоқ. Хаттамада қол қоюшылардың аты-жөні көрсетілмеген, - делінген Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.
Сондай-ақ оған қол қойғандардан қылмыстық істі қарау барысында жауап алынбағаны айтылды.
Оған қол қойған адамдардан іс бойынша жауап алынбаған және олардың бар екені расталмаған. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің хат алмасуынан алынған бұл хаттама жобасының электрондық көшірмесі оның түпнұсқа екенін дәлелдеу үшін жеткіліксіз, - делінген құжатта.
Істе 2019 жылдың 12 шілдесіндегі хаттаманың түпнұсқасы бар, ол құжатта 17 тармақ көрсетілген. Алайда 145 АҚШ долларына газ сату көрсетілген 18 тармақ ол құжатта жоқ.
Мұндай жағдайда сот үкімі жойылады, ал қылмыстық іс апелляциялық сатыда қаралады.