×

Түрік тарапымен қазақ тілін оқыту әдістемесі талқыланды

Шетелдегі қандастарға қазақ тілін үйренуге жағдай жасалып жатыр

 Халық үні 03.07.2023 | 11:35
Фото: ҒЖБМ

Түркияда қазақ тілін оқыту әдістемесі талқыланды. Бұл туралы ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Абзалбек Ғабит айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

– Ғабит Мұхамеджанұлы, жақында Түркияға іссапармен бардыңыз. Оның мақсаты қандай болды?

12-15 маусым аралығында Түркияның Анкара қаласында ресми іссапарда болдық. Онда бірнеше ұйыммен кездесу өтіп, болашақта бірігіп, іске асырылатын жұмыстар талқыланды. Нәтижесінде рухани-мәдени, әдістемелік байланыстар орнату туралы меморандумдар жасалды. Негізгі мақсат – Түркия тәжірибесіне сүйеніп, тілді оқыту әдістемесі бойынша тәжірибе алмасу, ынтымақтастық орнату.

Түркияда қазақ және түрік тілдерін үйрететін мекемелермен бірлесіп жұмыс істеу көзделді. Атап айтқанда, кездесудің алғашқы күні TÜRKTAV қорының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталған қор түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін, тілін насихаттау бағытында жұмыстар атқарады. Түркі тарихы мен мәдениеті қоры көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, ұлттық және халықаралық деңгейдегі жобалар арқылы түркі халықтарының мәдени жады мен тарихи мұрасының құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Аталған қордың «Отырар» электронды кітапханасы – маңызды жобалардың бірі. Бүгінде кітапхана қорында түркологияға қатысты 100 мыңнан аса кітап бар. Осы қордың әлеуеті арқылы қазақ тілін насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін қор мен министрлікке бағынысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арасында әзірленген меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар Анкарада рейтингі жоғары оқу орындарының бірі Хаджеттепе университетінің басшылығымен және университеттің Түркология бөлімі жанындағы TÖMER түрік және шет тілдерін оқыту, қолданбалы зерттеулер орталығы басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. 

Кездесуде Хаджеттепе университетінің проректорлары: профессор Сибель Аксу Йылдырым, профессор Серхат Үнал және TÖMER орталығының директоры, профессор Мұстафа Дурмуш, сол сияқты проектордың кеңесшілері болды. Келіссөз барысында университет пен орталықтың басшылығы қазақ тілі курстарын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.

Сондай-ақ оқу семестрін үздік аяқтаған археология, филология, тарих сияқты мамандыққа оқып жатқан студенттерді Қазақстанның ЖОО-ларына тағылымдамадан өтуге жағдай жасап, қаражат мәселелерін шешуге көмек көрсету сұралды. Бұдан бөлек, «Тіл-Қазына» ҰҒПО қазақ тілін түрік азаматтарына үйретуде әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ететіні туралы ұсыныстарын өзара талқылады.

Елімізде «ҚАЗТЕСТ» мемлекеттік тілді меңгеру жүйесі бар. Аталған сертификатты TÖMER сынды халықаралық деңгейде мойындалған сертификаттық тест түріне жеткізу үшін тәжірибе алмасу шараларын жүргізу ойымызда бар.

– Жалпы шетелдегі қазақ диаспорасына Қазақстан тарапынан тілді үйрету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

–  Шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету тұрақты бақылауымызда. 2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, шетелдегі және елге көшіп келген ағайынды қолдау үшін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы  Үкіметтің арнайы қаулысымен құрылған еді.

Шетелде тұратын қазақ өкілдерінің бiлiм алуына жағдай жасау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жақсарту, халықаралық байланыстарды дамыту мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.

Біздің тарапымыздан тілді үйретну үшін әдістемелік қолдау көрсетіліп келеді. 2020 жылы қолданысқа енгізілген Abai.institute онлайн-платформасы – Қазақстан консулдықтары арқылы және бірлесіп орындауға мүдделі отандық және шетелдік мекемелер, ұйымдармен қазақ тілін насихаттау, шетелдердегі қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін меңгеруді ілгерілетуге және тереңдетуге, Абайдың шығармашылығы мен идеясын таныстыруға арналған жоба.

Бұл онлайн-платформа арқылы әлемнің 8 елінде: АҚШ, Венгрия, Германия, Иран, Түркия, Ресей, Моңғолия, Францияда қазақ тілінің офлайн курстары жүргізіледі. Платформа қазақ тілін орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері яғни 6 тіл арқылы үйренуге мүмкіндік береді.  Android, iOS операциялық жүйелерінде қолжетімді. Оған А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша сабақтар жүктелген.

Сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақ тілі» (А1, А2, В1, В2 деңгейлері) әмбебап оқулықтары әзірленген. Осы оқулықтың электронды нұсқаларын платформаға орналастырдық. Биыл осы басылымның С1 деңгейі әзірленеді.

Қазақ тіліне сұраныс артқан сайын, ақпараттық технологиялардың интерфейстеріне, мәзір баптауларына қазақ тілі біртіндеп енгізіліп жатыр. Қазақ тілінің коммуникациялық әлеуетін күшейтуге байланысты бірқатар ауқымды жұмыс жүргізілді. Осы орайда тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін ғылым мен білім тіліне айналдыру, цифрлы кеңістіктегі рөлін арттыру сияқты мәселелерге назар аударылып жатыр. Бұған дейін біз шетелдегі қандастарымызға Сыртқы істер министрлігі арқылы баспа түріндегі әдебиеттерді ұсынып келсек, бүгінде заман талабына сай электронды өнімдерді әзірлеп, олар кез келген адамға қолжетімді болу үшін онлайн платформаға орналастырдық.

Сондай-ақ Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету үшін «Туған тіл» альманағы басылып шығарылады. Альманахта Мемлекет Басшысының жүргізіп отырған саясаты бойынша ақпараттық мақалалар қазақ, төте жазу және латын қарпінде беріледі. «Шетел қазақтарының шығармалары» айдарында Қытай, Өзбекстан ақын-жазушыларының поэзиялық және прозалық шығармалары көпшілікке ұсынылып отырады.

– Түркияның тілді оқытуда қандай ұтқыр тәжірибесі бар?

– Тіл үйрету әдістемесі бойынша Юнус Емре институтының тәжірибесі зор. Институттың 65 елде 85 өкілдігі яғни филиалы ашылған, негізгі орталығы  Анкарада орналасқан.

Юнус Эмре институты – ALTA халықаралық сертификаттаудан өткен әлемдегі 19 елдің ішіндегі бірегейі.  Институттың тіл курстарынан өтіп, емтиханын тапсырған азаматтарға берілетін сертификат халықаралық дәрежеде мойындалған.

Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде түрік тілі мен мәдениетін насихаттайтын бұл ұйымның түрік тілі оқытушылары алдымен Юнус Эмре институтының С1 деңгейі бойынша емтихан тапсырып, содан кейін арнайы түрік тілін шетелдіктерге үйрететін әдістемелік даярлық курстарынан өтеді. Мекеменің ғалымдары мен қызметкерлері орталықтандырылған түрде түрік тілін кез келген шетелдік танымға сәйкес тұрғыда үйретуді көздеп, соның тиімді бағдарламасын, оқыту нұсқаулықтары мен дидактикалық материалдарын әзірлейді.

Мәселен Венгрияда оқытылатын түрік тілі сол елдің мәдениеті мен танымына сай оқытылады, яғни түрік тілі тек жаппай шетелдіктер үшін қолданатын бір ғана әдістемесін ғана қолданбай, әр елдің ерекшелігін ескеріп, әдістемесін бағытайтыны біз үшін жаңа тәжірибе болмақ.

Институттың басшысымен кездесуде қазақ тілін мемлекеттік деңгейде дамыту, оның аясын кеңейту, әдістемесін жетілдірумен айналысып жүрген ресми мекемелерге қол ұшын созуға дайын айтты.  

Біздің мақсатымыз – әлемге танылған Гете, Конфуций, Юнус Эмре сияқты осындай ірі мәдени орталықтардың деңгейіне Абай институтын шығару.   Осы бағыттағы алғашқы қадамдарымыздың бірі Юнус Эмре интститутының тәжірибесін ала отырып, қазақ тілі мен мәдениетін әлемге таныту.

Сонымен қатар Хаджы Байрам Вели университетінің тіл үйретудегі тәжірибесін атауға болады. Университеттің әдебиет факультетінде «Заманауи түркі диалектілері» кафедрасы ұстаздарымен кездестік. Аталған жоғары оқу орнында профессор Гүлжанат Құрманғалиева Эрджиласун қазақ тілі сабағынан дәріс береді.  Кездесу барысында қазақ тілін түрік азаматтарына үйрету әдістемесі, лингвистикалық қолданбалы жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.

– Шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс бар ма?

– Қазақ диаспорасымен мәдени-рухани байланысты арттырудағы тәжірибеміз зор. Шетелде өткізілетін іс-шараларға мәдени орталықтардың басшылары алдыңғы кезекте шақырылады. Біз осы жолғы Түркия сапарында «Көкту» қазақ мәдениеті қауымдастығы басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. «Көкту» қауымдастығының базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылады.

Мекеме өкілдері бүгінде түрік азаматтары тарапынан қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстың барын атап өтті. Курстар қауымдастықтың күшімен ақысыз түрде өтеді. Сонымен қатар курстарды өткізуде басылып шыққан заманауи оқулықтардың жетіспейтіні туралы мәселе көтерілді. Біз өз тарапымыздан қолданыстағы  өнімдерді таныстырдық.

Жалпы іссапар аясында жоспарланған барлық мекемемен кездестік. Түркияда тек қандастар үшін ғана емес, қызығушылық танытып отырған барлық азаматқа қазақ тілі мен мәдениетін насихаттайтын үлкен ұйымның керек екені сұранып тұр.

Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін оның мәдениеті мен әдебиеті, тілі үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Осы сапарымызда Анкара қаласындағы Халық кітапханасына да ат басын тіреп, қазіргі ақпараттық технологияларға сүйенген қоғам өміріндегі адамзатқа ортақ құндылықтардың рөлі туралы пікір алмастық. Бұл кітапхананың ерекшелігі Президент резиденциясының жанында орналасқандығы. Әлемнің түкпір-түкпірінен әдебиеттерді жинақтап, кітапхана қорына 134 тілдегі мәдениет, ғылым, өнер мен философия салаларының жауһарларымен толықтырған. Кітапхана ұжымы өз ерекшеліктерінің бірі ретінде Түркия тарихына қатысты нумизматика мен фалеристика қорын мақтанышпен ұстайды екен. Қазақстан бұрышында қазақ тіліндегі 377 кітап бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында әрине, бұл өте аз көрсеткіш екені белгілі. Біз өз тарапымыздан тілді үйрету бағытындағы жарық көрген кітаптарымызды сыйға тарттық.

Этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимыл диаспора арқылы белгілі бір мемлекетаралық деңгейде жүреді. Осы орайда біздің екіжақты кездесуімізді ұйымдастырған қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиеваға, «Көкту» қазақ мәдениеті қауымдастығының президенті Ләззат Мүләзімоғлу мен осы қордағы тіл курсының оқытушысы Салтанат Ұзақбайқызына, TÜRKTAV қорының үйлестіруші Әсел Лахаева алғыс айтамын.

Біздің рухани-мәдени байланысымыз әрі қарай жалғасын таба беретіні сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама