×

БҚО-да 270-ке жуық жер жеке меншікке заңсыз берілген

СЖҚА енгізген ұсынымдарды орындау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді

 Динара Амантай 01.07.2023 | 15:35
Фото: massaget.kz

Кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуров, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері бейнеконференция арқылы қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде облыс бойынша бизнеске жер учаскелерін бөлу саласы және олардың қолжетімділігі, сондай-ақ бизнес объектілеріне инфрақұрылымды жеткізу мәселелері жөніндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды.

БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Әділхан Сабуров баяндама барысында атап өткендей, жер қатынастары саласы халық үшін ең өткір және сезімтал салалардың бірі болып қала береді. Сонымен қатар, бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барынша бейім.

Талдау барысында

  • сауда-саттық пен аукцион өткізбей жер беру кезінде;
  • бизнесті жүргізу үшін алынған жердің нысаналы мақсаты өзгерген кезде;
  • бұрын уақытша жер пайдалануға берілген бизнеске арналған жер учаскелерін сатып алу құқығынан бас тартқан кезде;
  • санитариялық-қорғау аймағын айқындаған кезде;
  • рекреациялық аймақта жер учаскелерін беру кезінде

сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және басқа да тәуекелдер анықталды.

Мысалы, Бәйтерек ауданының, Ақжайық ауданының және Орал қаласының әкімдіктері жалпы ауданы 11 мың 348 гектар болатын 23 жер учаскесін өтеусіз негізде жеке меншікке заңсыз берген.

Сонымен қатар, жекелеген әкімдіктер аукциондар өткізу рәсімін болдырмау үшін Жер кодексінің 48-бабы 1-тармағында көзделген ерекшеліктерді пайдаланады.

Мәселен, Орал қаласында және Бәйтерек ауданында инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін жалпы ауданы 61 гектар болатын 42 жер учаскесі жалға берілді. Сондай-ақ қала аумағында объектілерді салу үшін рекреациялық аймақта 200-ге жуық жердің заңсыз берілгені анықталды, бұған жер заңнамасымен тыйым салынған.

Бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп, департамент енгізген ұсынымдарды орындау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама