×

4 күндік жұмыс аптасы мен темекінің қымбаттауы: Қазақстанда шілдеден бастап не өзгереді?

Шілдеден бастап абьюзерлерге жаза күшейеді

 Айнұр Шошаева 01.07.2023 | 13:17
Коллаж: Halyq Uni

Бүгіннен бастап елімізде жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Жаңа кодекске сәйкес, енді қазақстандықтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамтамасатыз етуде бірқатар жаңашылдықтар көзделіп отыр, хабарлайды Halyq Uni.  

Бұған дейін елімізде электр энергиясының тарифі көтерілетіні туралы жазған едік. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда электр энергиясын бірыңғай сатып алушы жұмысын бастайды. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының қызметіне бағаларды мемлекеттік реттеу қолданылады. Электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу мен сатудың Бірыңғай сатып алушысының ұсынылған моделі электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмауды, сондай-ақ өнімсіз делдалдарды азайтуды көздейді. Сонымен қатар шектес энергия жүйелерімен шекарадағы электр энергиясы ағындарының мемлекетаралық сальдосының ауытқуын барынша азайтуды жоспарлап отыр. Бірыңғай сатып алушы болып «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС бекітілді. 

ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС: КӨМЕК ПЕН ТӨЛЕМДЕР

Бүгіннен бастап қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа кодекс қолданыла бастайды. Құжат әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат экономикалық ресурстарды пайдаланудың ашықтығы мен әділдігі, сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттеріне пропорционалдылық, мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі ынтымақтастығы мен ұжымдық жауапкершілігі қағидаттарына негізделген. Айта кетейік, әлеуметтік қорғау келесі түрде көрсетіледі: 

  • балалары бар отбасыларды әлеуметтік қорғау; 
  • жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жағдайда жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
  • кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдарға (отбасыларға) атаулы әлеуметтік көмек;
  • арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;
  • мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау;
  • арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу арқылы азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету;
  • зейнетақымен қамсыздандыру;
  • асыраушысынан айырылған адамдарды әлеуметтік қорғау;
  • жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға жерлеуге арналған біржолғы төлем.

ОНЛАЙН ПЛАТФОРМА АРҚЫЛЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Бүгіннен бастап қазақстандықтардың еңбек құқығын реттейтін жаңа нормалар да күшіне еніп жатыр. Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты Еңбек кодексінде бірқатар жаңалықтар енгізілді. Атап айтқанда, бірлесіп жұмысқа орналасу мүмкіндігі, 4 күндік жұмыс аптасы, жылжымалы жұмыс кестесі белгіленеді, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін есептеу тәртібі айқындалды.

Қазақстандықтар үшін тағы бір маңызды жаңалық - платформалық жұмыспен қамту тәртібі белгіленді. Бұл регламент Яндекс-такси, Glovo және басқа да онлайн-платформалар арқылы тапсырыстар алатын такси жүргізушілері мен курьерлер үшін маңызды болып отыр. 

Айта кетейік, жаңа кодекске сәйкес, еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер алынатын төлемдер мөлшерінің 14,5% артады. Сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеушілер мен бірінші топтағы мүгедек адамды күтуді жүзеге асыратын тұлғаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидалары бекітілді. Бұдан бөлек баланың тууына байланысты берілетін  мемлекеттік жәрдемақы, күтім бойынша жәрдемақы, көп балалы отбасыларға жәрдемақы, наградталған анаға жәрдемақы тағайындау және төлеуді жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасының жиынтық табысын есептеу ережесі мен АӘК алу үшін мұқтаждық критерийлері жаңарды. 

Еңбек нарығы үшін тағы бір маңызды жаңалық - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі туралы үлгілік шартты бекітті. Үкімет субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылатын адамдарға қойылатын талаптарды, олардың жалақысын субсидиялау мөлшері мен мерзімдерін бекітті. Құжатқа сәйкес қоғамдық жұмыстар айына кемінде 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде 12 айдан аспайтын мөлшерде субсидияланатын болады. 

АББЮЗЕРЛЕРГЕ ЖАЗА КҮШЕЙЕДІ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілік күшейтіліп жатыр. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарына түзетулер енгізілді. Онда бірқатар  жауапкершілік көзделген. Мәселен, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу (5 тәулікке дейін), қайталанса 10 тәулікке (10 тәулікке дейін) қамау. Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамның денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруі 15 тәулік (15 тәулікке дейін), бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 25 тәулікке (20 тәулікке дейін) қамау жазасы көзделіп отыр. 

Сондай-ақ ұрып-соғу орын алса, 10 тәулікке (10 тәулікке дейін), бір жыл ішінде қайталап ұрған жағдайда 20 тәулікке (15 тәулікке дейін) қамауға алу жазасы қолданылады. 

Айта кетейік, аталған кодекстің 64-бабынан отбасылық-тұрмыстық құқықтық қатынастар саласындағы тараптарды татуластыру үшін әкімшілік жауаптылықтан босату мүмкіндігі алынып тасталады. Сонымен қатар, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.  Енді ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзудың салдары 10 тәулікке әкімшілік  қамауға алуға әкеп соғады (бұрын 5 тәулікке дейін болған). Осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған іс-әрекет 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұған қоса, сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқару құжатын орындамағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мәселен, құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу белгіленді. Бұрын 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 7 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылып келген болатын. Осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталағаны үшін – 20 тәулікке қамауға алу жазасы кесіледі (бұрын 10 тәулікке дейін болған).

ГАЗ БЕН ТЕМЕКІ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қазақстанда 1 шілдеден бастап сұйытылған газдың бағасы өседі. Сұйытылған мұнай газының 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2024 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңге шекті бағасы ҚҚС-сыз тоннасына 40 320 теңге мөлшерінде белгіленген.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап 2023 жылдың 30 маусымына дейін баға 33 600 теңгені құрады. Сондай-ақ елімізде темекі өнімдерінің бағасы да қымбаттайды. Сүзгісі бар, сүзгісі жоқ 20 темекіге, майлықтарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға арналған ең төменгі бөлшек бағалар 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда 710 теңге мөлшерінде белгіленген.
 
ТЕРРОРИЗМ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАНҒА СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

ҰҚК қазақстандықтарға террористік шабуылдар туралы ақпарат үшін төлейтін болады. Комитетке немесе ішкі істер органдарына терроризм актісінің алдын алуға немесе жолын кесуге көмектесетін ақпаратты хабарлаған азаматтарға ҰҚК немесе оның аумақтық органдары сыйақы төлейді. Сыйақы мөлшері ҚК 255-бабының 1 және 2-бөлімдерінде көзделген терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша 750 АЕК (2 587 500 теңге), ал осы баптың 3 және 4-бөлімдерінде көзделген терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша 1000 АЕК (3 450 000 теңге) деп белгіленген.

Ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы, егер кінәлі адамға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы айыптау үкімі немесе сот қаулысы заңды күшіне енген, сондай-ақ қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылған кезде төленеді. Сыйақы алу үшін ҰҚК-ге өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың және ЖСН көшірмесі мен ағымдағы банктік шоты көрсетілген екінші деңгейдегі банк анықтамасының түпнұсқасын ұсыну қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама