×

70 мыңнан астам студентке орын жетпейді: елімізде жоспарланған бірнеше жатақхана салынбай қалуы мүмкін

Жарты жылда 900 орынға лайықталған жатақхана салынды

 Халық үні 27.06.2023 | 11:15
Фото: SDU

Елімізде 70 мыңнан аса студентке жатақханада орын жетпейді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Қазір студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни, 70 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені анық, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат 2023 жылдан бастап жатақхана құрылысы үшін мемлекеттік тапсырыс төлемі 1,5 есеге, ал мегаполистерге шамамен 2 есеге көтерілгенін айтты.

«Бірақ биыл тағы да мәселе ушығып тұр. 2023 жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуға тиіс еді. Бұл процесстің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары. Студенттік жатақхана ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Жыл бел ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуға тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 проценті ғана іске қосылды», - деді депутат.

Айтуынша, сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупінде тұр.

Жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетіп отыр. Оның ішінде, білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократияға айналдырудың қажеті жоқ. Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану, жас студенттерге жасалған әділетсіздік деп санаймын, - деді Бейсенбаев.

Депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутат бірнеше ұсыныс айтты.

Біріншіден, Жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан тезарада бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынамыз.

Екіншіден, инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастырып, алдағы жаз айларында құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту керек. Ол үшін жергілікті әкімдіктердің де мүмкіндектерін заң аясында пайдалануды қарастыру.

Үшіншіден, студенттік жатақхананы әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырып, жатақхана салу мәселесінде арнайы мемлекет пен жекеменшік әріптестік деңгейіндегі жаңа бағдарламаны іске қосу қажеттігінің уақыт келгенін жеткіземіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама