×

7-20-25: Шымкентте тұрғын үй алуға өтініш бергендердің тізімінде екі ауданның әкімі жүр

Мемлекеттік бағдарламаға қатысты жағдай ушығып кеткен соң олар берген өтінішін кері қайтарды

фото: Halyq Uni

Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындармен кездесуде айтты.

Шымкентте 7-20-25 бағдармаласы аясындағы тұрғын үй дауы әлі басылар емес. Бүгін «Түркістан сарайына» жиналған 50 шақты тұрғынның алдына Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары Ерғали Білісбеков пен Шыңғыс Мұқан келді.

Кездесуде мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға конкурстық іріктеудің ашықтығы туралы мәселе көтерілді. Аты-жөні әлі күнге дейін тізімде тұрған азаматтар баспана алу мүмкіндігінен айырмауды сұрап отыр.

Еске салайық, 15 сәуірде Шымкент қаласында 7-20-25 бағдарламасы аясындағы конкурс аяқталды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға 12 мыңға жуық адам өтініш берген.

Алайда, конкурс аяқталғаннан соң тізімдегі алғашқы болып өтініш берушілердің қатарында «жоғары шенді» мемлекеттік қызметкерлердің есімі тұрғаны қала тұрғындарының ашуын туғызған.

Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болғысы келгендердің тізімінде екі аудан әкімі мен 30-дан аса шенеунік бар екен. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, өтініш берген шенеуніктердің басында баспана болмаған. Бірақ жағдай ушығып кеткен соң олар берген өтінішін кері қайтарып алыпты.

Осы оқиғадан кейін қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаевты уақытша қызметінен алған. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің айтуынша, басқарма басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Енді мемлекеттік бағдарлама бойынша өтініш берушілердің тізімін әкімдік қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдерінен құралған арнайы комиссия реттейді. Бәрі мұқият тексерілген соң құжаттар одан әрі шешім қабылдау үшін банкке беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама