×

«Тоталитарлық жүйе өзін құлатып тынады»: «Айырылу, табысу және арылу туралы толғам» кітабы таныстырылды

Автор Амалбек Тшанов саяси билік жүйесіндегі өзі куә болған жағдаяттарды баяндайды

 Ая Өміртай 02.07.2023 | 17:50
Фото: Halyq Uni

Астанада Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері Амалбек Тшановтың «Айырылысу, табысу және арылу туралы толғам» атты мемуарлық кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кітап «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген. Автор өз замандастарының басынан өткен жағдайлар туралы терең толғана отырып, дүниені мүлде басқа қалыпта қабылдайтын бүгінгі жас жеткіншектердің санасындағы психологиялық қайшылықтарды дұрыс пайымдауға тырысады. 

Мемуарлық еңбектің тұсаукесеріне абайтанушы Ғарифолла Есім, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева және зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері қатысты.

Автор кітап атауы мен ондағы оқиғалар желісі бітім мен болмыс тұрғысынан мінездеме беретінін айтады.

«Менің үлкен ұлым Канадада оқыды. Сол екеуміз келе жатып, Амстердамның әуежайында отырып, көп әңгімелестік. Ұлыммен сөйлесуге әуежайда ғана уақыт болды. Кітаптың негізгі идеясы сондағы екеуара әңгімеден бастау алды. Бойыма жиған-тергенімнің бәрін жазып, кітап өмірі халық алдында жалғасқанын құп көрдім», – дейді Амалбек Қозыбақұлы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Түрлі ой-толғаныстан тұратын жинақ «Ұлы мәртебелі адам», «Ұйқыдағы патшалық», «Орға жығатын да, шыңға шығаратын да билік», «Жеміс ағашы және тас пен таяқ», «Атқа міндім екен деп», «Қос ананың құшағындағы жылу» атты негізгі алты бөлімнен тұрады.

Тәуелсіз жастар, білікті, әлемді таныған, шетелдің бізден артықшылығын көріп-білген, біздің кемшілігімізді білетін буын қалыптасып келеді. Бірақ олар қашан күш алады, қолдарына тізгін тие ме, жоқ па?… Бірақ қазіргі көзі ашық жастар өтпелі кезеңде, жаңа мемлекеттік құрылым жүріп жатқанда біз сияқты емес, өз сөзін айтып, дұрыс бағыт таңдай алады деп сенемін, – деп жазады кітап авторы Амалбек Тшанов. 

Кітаптың басты идеяларының бірі – кез келген тоталитарлық жүйе өзін-өзі жеп, құлатып тынады.

Белгілі дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы майталман ардагердің жүректен шыққан жан сыры оқырмандары амалсыз тебірентетінін, туындыны азаматтың ар-ождан алдындағы арылуы деп атады.

«Көп адам мемлекет бола алмаймыз, Ресейдің құрамында қаламыз деген идеяны айтып жүрді. Жастар естісін деп айтып отырмын. Сіз осыған қарамастан мемлекет құру жолында көп еңбек сіңіргендердің бірі болдыңыз. Тікелей жұмыс істедіңіз. Барлық жағынан бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болатын адамсыз. Мынау кітапты шын көңіліммен оқып шықтым. Мәселен, Жуков «Сталинградты да мен жеңдім, Ленинград қоршауында біз тұрдық» деп жазады ғой. Бұл кітап мүлде басқа стилде жазылған, шын мәнінде кітап ұлыменен әңгімеден басталады. Мұның үлкен тәрбиелік маңызы бар. Туындыда кезіндегі белгілі мемлекет қайраткерлері мен депутаттарға, сол тұста лауазымды қызмет атқарған тұлғаларға баға беріледі. Ешқандай біреуді тұқыртудан аулақ, шынайы бағасы берілген. Мәселен, Серікболсын Әбділдин, Сауық Тәкежановтардың рөлі айтылады. Бүкіл бір Қазақстан рубльдік аймақта Ресейдік қарамағында қала беруге береміз дегенде, депутаттардың арасынан жалғыз Тәкежанов қарсы шықты. «Біз мемлекет болсақ, өзіміздің ақшамыз болуы керек» деді. Соның барлығы осынау еңбекте бүге-шігесіне дейін айтылған», – деп пікір білдірді Сайлау Батыршаұлы. 

Кітапта заманға лайық Қазақстанның жаңа астанасын салу, құрылыс концепциясынан бастап тротуар плиткаларын таңдауға дейінгі аралықтағы ауқымды жұмыстардың қалай атқарылғаны баяндалады. Автор сонымен бірге экономикалық қатынастарды реттейтін алғашқы заңнамалардың бекітілуі, тәуелсіз Қазақстан тарихында Парламент ықпалымен премьер-министрдің тұңғыш рет отставкаға кетуі, Тасмағамбетовтің премьерлігі кезіндегі Үкімет пен Парламент арасының ушығуы, 2 мыңыншы жылдардағы сайлау кезеңдері туралы көз көрген естеліктерін бөліседі. 

«2004 жылғы сайлауға қатысу да өзінше бір науқан болды. Бұл Қазақстандағы демократияның соңғы тұяқ серпуі десе де болады. Дәл сол сайлаудан кейін Қазақстандағы кез келген сайлау «қойылым» ретінде өтетін болды. Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің өлімі биліктің толықтай бір қолға өткенін, ендігіде өрісіңнің тарыла беретінін көрсетіп берді», – деп еске алады автор. 

Автордың замандасы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов ел тәуелсіздігінің қалыптасуына қызмет қылған қатарластары туралы айта келе, Шымкентті басқарып тұрғандағы қала өміріне елеулі өзгеріс әкелгенін, Жамбыл атын иемденіп келген Таразға тарихи атауы қалай қайтарылғанын айтып өтті.

«Ағалы-інілі, достық пейілпен Әбекеңді көп жағдайда үлгі тұттым. Осы еңбекте жазылғандай, болып жатқан саяси ахуалдарға диагнозды тура қойдыңыз. Автор қайда барамыз, не болады деген сұрақтарға жауап іздейді. Қолымыздан келгенше істегендей болдық. Амалбек Қозыбақұлы, ішпей-жемей халықты ойлаған адам. Тарихи деректерді салмақтай келе, ғалымдармен ақылдасып, Тараз қаласының 2000 жылдығын өтап өтуге бастамашы болды», – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама