×

Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға 200 млрд теңгеден аса жәрдемақы төленді

Елімізде аталған әлеуметтік төлемді 500 мыңнан аса адам алады

 Динара Амантай 22.06.2023 | 12:42
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға 200 млрд теңгеден аса жәрдемақы төленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 203,3 млрд теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 25 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер төленді.

1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылар шамамен 535,6 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 197,3 мың адам болды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% - ға өсті.

Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 77 889 теңге, 2-топ үшін 62 068 теңге, 3-топ үшін 42 190 теңге болды.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер төленді. Мәселен, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 90,8 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 59,2 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері соңғы екі жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыруға байланысты болды.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға төленді. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5% - ға ұлғайтылды.

Бүгінгі таңда еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 395 теңге, ал асыраушысынан айырылу бойынша 34 405 теңге болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама