×

Жол азабын тартқан тараздықтар әкімдік алдына түнеуге сөз берді

Тараз шетіндегі елді мекен жол 20 жылдан бері жөндеу көрмеген

 Ұлдана Жұбай 25.04.2022 | 18:44
фото: Halyq Uni

Бүгін жол салу, асфальт төсеу туралы талабын 20 жылдан бері орындата алмай жүрген Тараз қаласының тұрғындары жиналды. Олар биыл «Бұрыл» тұрғын үй алабына жол төселмесе, облыс әкімдігі алдына түнейміз деген талап қойды.

Күн жауса тұрғындар резеңке етік киіп, елді мекенде қатынау қиындай түседі екен. Жолдағы ой-шұңқырдан көліктер де жиі бұзылып, жүргізушілерге қосымша шығын әкеледі екен.

Қала шетінде орналасқан «Бұрыл» алқабындағы ойдым-ойдым жолдардан такси мен жедел-жәрдем көлігінің де қатынауы күрделенеді.

«Бізде тек қаланың ішін көркейте береді. Ал біз «тоқалдан туғандай» тыс қала береміз. Қаланың шетіндегілер адам санатына жатпай ма? Қанша өтті, ешкім жолымызды жөндеуге жарамады. Айналайын, облыс әкімі, қала әкімі, мырзалар, бізге де назар аударсаңыздар! Бар кінәміз қаланың шетінде тұрғандығымыз ба? Бізге жақын арада жол төсеп берулеріңізді сұраймыз», - дейді тұрғындардың бірі.

Бурылдағы мәселе мұнымен бітпейді екен. Бірақ тұрғындар ең басты мәселе ретінде жол проблемасын айтып отыр.

Бала-шағамыздың аяғы су, үсті-басы лай болып жүреді. Біздің ауданға ешқандай инфрақұрылым тартылмаған. Канализация қойып берсе дейміз. Балалар ойнайтын аула да жоқ. Жұрттың балалары ұқсап әткеншекте асыр салып ойнай алмайды, - дейді тағы бір тұрғын Шәмсия Дүйсенбиева.

«Бұрыл» алабында бас-аяғы 34 шақырымға созылған 75 көше бар. Қала әкімі орынбасары Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, ондағы жолдарды жөндеуге қаржы бұрын бөлінуі керек болған.

«Бұл – қаладағы ең үлкен массив. Мұндағы жолдар баяғыда жөнделіп бітуге тиіс еді... Бірақ түсінесіздер ме, қала бюджеті бәріне жетпейді ғой?! Асьфальт төсеу үшін қазір жобасы жасалып қойған. Құны 2 млрд теңгені құрап отыр. Қазір жобасы сараптамадан өтуде. Сосын жолды жөндейтін мердігер анықталады. Жолдың жобасы дайын болғанымен, оған бөлінетін қаржы келер жылдың басында келеді», - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жайықбай Шалдаров.

Бурыл жұртымен кездесуге келген шенеунік тұрғындарды аузына қарата алмады, сөзіне сендіре алмады. Тараз қаласының құрамына қосылғанына ширек ғасырға жуықтаған Бурыл халқы талабын орындату үшін жаңадан тағайындалған Жамбыл облысы әкімінің алдына баратынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама