×

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару: Конституциялық заң қабылданды

Жаңа уәкілетті орган құрылады

 Дәурен Ерболат 20.06.2023 | 18:50
Фото: parlam.kz

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заңды Мәжіліс депутаты Абзал Құспан таныстырды.

Ол түзетулердің бірінші тобы прокуратура жүйесінде активтерді қайтаруға бағытталған жаңа уәкілетті органның құрылуымен байланысты заңнамаға ұсынылып отырғанын атап өтті.

Бұл жаңа ведомство активтерді іздестіруге және қайтаруға қатысы бар барлық мемлекеттік аппарат қызметін жұмылдырады.

Сондай-ақ уәкілетті орган заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға байланысты құрылатын комиссияның функциясын атқарады.

Түзетулердің екінші тобы – активтердің пайда болуының қайнар көзі, шығу тегі, заңдылығына қатысты ақпараттарды мониторинг және талдау жасауды Конституциялық заңдар деңгейінде құқықтық регламентация жасау қажеттілігімен байланысты. Осыған байланысты, Конституциялық заңмен бекітілген прокурорлардың құқықтары, тиісінше жаңа ережелермен толықтырылады, - деді Абзал Құспан.

Депутат Конституциялық заңға енгізілетін жаңа нормаларға тоқталды.

  • 1. Активтерді іздестіру мен қайтару қызметі;
  • 2. Активтердің шығу тегін анықтау, олардың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қолдану, активтерді қайтаруға байланысты халықаралық ынтымақтастық орнату;
  • 3.  Уәкілетті органдар қызметін үйлестіру және байланыс орнату;
  • 4. Активтерді қайтаруға қатысты келісімдерді жасасу;
  • 5. Соттарға қамтамасыз ету туралы өтінішхаттар беру, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес, талап арыздар беру;
  • 6. Қазақстан заңдары мен Қазақстан Президентінің актілерімен көзделген басқа да міндеттер мен өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Қос палата депутаттары ұсынылған заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты қабылдады.

Сонымен қатар бірлескен отырыста Сенат пен Мәжіліс депутаттары Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамын бекітті. Оған сенаторлардан Мәулен Әшімбаев, Ольга Перепечина, Асқар Шәкіров, Сүйіндік Алдашев, Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сергей Карплюк, Ақмарал Әлназарова кірді. Мәжіліс депутаттарының қатарында Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақымжанов, Асқар Садықов, Ерлан Стамбеков, Гаухар Танашева және Динара Шүкіжанова бар.

Комиссияның төрағасы болып Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сайланды.

Бұған дейін Әділет вице-министрі Алма Мұқанова «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасына қатысты пікір білдірген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама