×

«Жиналуға бір сағат берді»: Абай облысындағы өртті сөндіруге барған маман жағдайды баяндап берді

2-3 сағат көлікте отырып кезекпен ұйықтап отырдық, дейді маман

 Айнұр Шошаева 20.06.2023 | 10:38
Коллаж: Halyq Uni

Абай облысындағы орман өртін сөндіруге Алматы облысынан 31 өрт сөндіруші барған. Оларға бір сағаттың ішінде жиналып, жолға шығу туралы бұйрық түскен, деп хабарлайды Halyq Uni

Еске салайық, 8 маусымда Абай облысы «Семей орманы» аумағында өрт шықты. Бір күн өткен өңірде төтенше жағдай режимі енгізілді. Сол күні еліміздің бірқатар өңірінен Абай облысындағы өртті сөндіруге мамандар жұмылдырылды. Алғашқылардың бірі болып Алматы облысының өрт сөндірушілері жетті. 

Алматы облысы Іле ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жеңіс Садыбайдың айтуынша, 9 маусымда жауынгерлік кезекте отырған. 

Жауынгерлік кезекшілікте тұрған едік. Түскі 2-ге таман «Абай облысындағы орман өртін сөндіруге біздің өрт сөндіру бөлімінен бір техника мен 4 қызметкер дайын болу керек» деген тапсырма түсті. Бір сағаттың ішінде жолға шығу керек болды. Айтқан уақытта автоцистерна Урал маркалы жол талғамайтын көлігімен жолға шықтық. Жалпы Алматы облысынан 9 техника мен 31 жеке құрам шықтық. Оның 6-ауы негізгі өрт сөндіру көлігі, ал қалғаны қосымша техника. 10 күні бірден өрт сөндіру жұмысына кірістік, – деді ол. 

Алматы облысының өрт сөндірушілері Половинка, Талица және Каштак ауылдарын өрттен қорғау жұмысына қатысқан. Ауылға төнген қауіптің беті қайтқан соң ормандағы жалынды сөндіруге кірісті. 

«Бұл ауылдарда біз келгенше эвакуация жасалған екен. Ауылдың бәрі бос, тек патрульдік көліктер жүр. Өрттен Талица ауылына қауіп төнгеннен кейін автоцистерналарды орналастырып, қорғанысқа тұрдық. Одан кейін қауіп жойылған соң, орман өртін сөндіруге кірістік. Бірінші рет орман өртін сөндіріп тұрмыз. Жұмыс кезінде желдің ұйытқуы қиындық туғызды. Әртүрлі бағытқа ұйытқып, бой бермеді. Жалпы, орманның аумағы квадратпен бөлінеді екен. 300, 400-ші квадрат деп кете береді. Өрттің Каштак ауылы жағынан Семей қаласына қарай қарай таралу қаупі болды. Алматылық өрт сөндірушілер ең алдымен сол аумақтағы өртті оқшаулады», – деп қосты ол. 

Сондай-ақ маман өрт сөндіру кезінде тап болған қиындықтар туралы айтып берді.

Желдің ұйытқуынан басқа да қиындықтар болды. Мәселен, ормандағы топырақ құмды болғандықтан, автотехникалардың жүруіне қиындық туғызды. Жол талғамайтын автокөліктің өзі бірден шығып кете алмай, құмға батып, әрең жүрген кездер болды. Қатты жел тұрған соң, ағаштардың жоғарғы жақтары тез жанып жатты. Қарапайым орман мен қарағайлы орманның өртінің айырмашылығы бар. Қарағай майлы, тез жанғыш. Әрі өртенгенде оның бүршігі шоқ сияқты қызып, атылады. Атылғанда басқа ағаштарға тиіп, өрттің одан әрі көбеюіне әкеледі. Бір жағын өшіріп жатсаң, басқа жағы жанып жататыны сол екен. Температура енді қатты болды, 3-4 метрге жақындатпады. Бәсеңсігенде алға жылжып, күшейгенде артқа қашып отыруға тура келді. Күн сайын өрт басылған кезде 2-3 сағат көлікте отырып кезекпен ұйықтап отырдық, – деді маман. 

Алматы облысының өрт сөндірушілері бір апта бойы Абай облысындағы өрт сөндіру жұмысына қатысып, 16 маусымда өңірлеріне қайтқан. 

«Өртенген алқапты қалпына келтіру үшін 30-40 жыл уақыт керек» деп жатыр. Өртенген ағаштарды кесіп, жаңа ағаштарды екпесе, өздігінен қалпына келеді деп ойламаймын. Қазір өрттен 60 мың гектар аумаққа залал келгені анықталды. Бұл деген өте үлкен аумақ. Бір қызығы өрт сөндірген кезде жануарларды көрмедік, қашып кеткен сияқты», – дейді өрт сөндіруші. 

Сонымен қатар маман алда осындай апаттың алдын алу үшін не істеу керек деген сұраққа жауап берді. 

Мұндай өрттің алдын алу үшін орман шаруашылығы мен өрт сөндірушілер бірлесіп, оқу-жаттығуларды жиі ұйымдастырылуы керек сияқты. Өйткені бастапқыда өртті сөндіруге орман шаруашылығы өздері кіріскен екен. Мұндай кезде өрті оқшаулау үшін бірлесіп, жұмылып істеу керек. Бұл бізге – өрт сөндірушілерге де сабақ болды. Алда өрт бола қалса, қалай әрекет ету керек деген сұраққа жауап алдық, – деп қорытындылады сөзін Жеңіс Садыбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама