×

Оқу-жаттығу кезінде өзін жайсыз сезінген Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жансақтау бөлімінде қайтыс болды

Қазір әскери қызметшінің өліміне қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр

 Халық үні 19.06.2023 | 13:50
көрнекі фото: Halyq Uni

Шымкентте өткен оқу-жаттығу кезінде өзін жайсыз сезінген әскери қызметші ертеңіне жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

15 маусымда 6506 әскери бөлімінің жауынгерлік жоспарына сәйкес әскери қызметшілермен ойлы-қырлы жермен қашықтықта жүгіру бойынша жаттығу өткізілген. Іс-шара соңында әскери қызметші Б. Байжанов өзін жайсыз сезініп, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Одан әрі ол Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Жаттығудың ертеңіне, яғни сағат 17:15 шамасында әскери қызметші қайтыс болды. Қазір әскери қызметшінің өліміне қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.

Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен 6506 әскери бөлім басшылығы әскери қызметші Бекжан Байжановтың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге тергеу мүддесіне сай өзге мәліметтер жарияланбайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама