×

Енді субсидия суды үнемдейтін шаруаларға беріледі – Қарашөкеев

Ауыл шаруашылығы министрі суармалы су тапшылығы туралы айтты

 Дәурен Ерболат 19.06.2023 | 11:10
фото: Halyq Uni

Енді Қазақстанда субсидия суды үнемдейтін технология пайдаланатын шаруаларға беріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, көкөністердің жалпы өнімін арттырудың негізгі факторларының бірі – суармалы жерлерді айналымға енгізу. Бұл жұмыс Экология министрлігімен бірлесіп жүргізіледі.

«Бүгінде су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандар көбеюде. Бұл су мен қоректік заттарды нақты беру арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жыл сайынғы өсімге инвестициялық субсидиялау ықпал етеді. Оның шеңберінде фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі», - деді Ербол Қарашөкеев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, 2022 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер 21 мың гектарға ұлғайтылған. Нақты орындалу – 105%.

Биыл мұндай жерлердің аумағын 300 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр, ал 2030 жылға қарай алаңдар 750 мың гектарға дейін жеткізіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау шеңберінде 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде облыстардың әкімдіктері 69 жобаны іске асыруға 63,2 млрд теңге көлемінде қосымша қажеттілікті мәлімдеді, - деді ол.

Ербол Қарашөкеев суармалы судың жетіспеушілігі проблема екенін атап өтті. Сондықтан фермерлер суды үнемдеп үйренуі керек. Осының негізінде оларға субсидия беріледі.

«Суды ысырап етуге жол берілмеуі керек. Фермер үшін шешім – су үнемдейтін технологияларды енгізу болуы керек. Егер мұндай технологияларды енгізетін фермер үшін «оң шешім» инвестициялық субсидиялаудың жоғарылауы болса, онда  «теріс шешім» суға жұмсалатын шығындар артады. Мысалы, қазіргі уақытта су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияны суару әдістеріне қарай саралау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде тек су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады», - деп сөзін түйіндеді басшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама