×

Дәретханасы далада: Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Түркістан облысындағы лагерьлерді аралады

Қазақстанда 120 мемлекеттік, 98 жекеменшік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар

 Халық үні 16.06.2023 | 16:06
фото: facebook.com/dinara.zakiyeva

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қоғамда дау туғызған Түлкібас ауданындағы лагерьді өз көзіммен көріп қайтты. Лагерьдегі балалармен сөйлесіп, жағдаймен танысқан. Қазір онда 600 баланың 190-ы ғана қалған екен. Қалғанын ата-аналары үйіне алып кеткен.

Уәкілге лагерьді балалар өздері көрсетіп шыққан. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыты ұнап жатқанын айтқан. Бірақ, лагерьде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ұйымдастырушылардың жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Көптен жөндеу көрмеген. Қабырғалардағы бояуы опырылып түсіп жатыр, бөлмелерде 12 кереуеттен, бәрі ескі.

Барлығы тозған. Ас үйде кейбір азық-түлік сақтау нормалары сақталмаған. Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар. Оны ғимараттың ішінде салуға да болушы еді. Бассейн мүлдем жұмыс істемейді, әкімшілік оны тазалап жатқанын айтты, дегенмен ол да жөндеуді талап етеді, - деп жазды уәкіл.

Динара Зәкиеева мемлекеттік органдардың аталмыш лагерде тексеріс жүргізіп жатқанын айтты.

«Мұндай мәселе неліктен туындайды? Мысалы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Жазғы демалыспен балаларды көбірек қамту үшін әкімдіктер жеке меншік лагерлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан алдымен заңды өзгерту керек. Біріншіден, бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек. Екіншіден, лагерлер ашылғаны туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету керек. Себебі қазір лагерді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, лагерді кез келген мекеме ашып жүр», - дейді уәкіл.

Динара Зәкиеева Сайрам ауданындағы мемлекеттік лагерьлердің біріне де болды. Ондағы жағдай салыстырмалы түрде ілгерілеу, бірақ ондағы дәретхана мен бассейн тозған. Дәретханасы далада. Осы олқылықтың бәрі әкімдік өкілдеріне айтылды.

Сапар барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Төлеби ауданында орналасқан балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік мекемеге де барды. Динара Зәкиева әріптестерімен бірге Қазақстандағы барлық лагерьді тексеріп шығуды жоспарлап отыр.

Жалпы, елімізде 120 мемлекеттік, 98 жекеменшік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар.

Еске салайық, Алматы қаласының санитар дәрігерлері баласын жазғы демалыс лагеріне бергісі келетін ата-аналарға кеңес берді. Біріншіден, жазғы сауықтыру қызметін ұйымдастыратын әрбір заңды және жеке тұлғаларда нысанның санитариялық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындысы болуы керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама