×

Арыстанбек Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзін айтты

Экс-министр айыптау актісінде ақша жымқыру әрекетін дәлелдейтін айғақ жоқ екенін айтып өтті

 Айгерім Таубай 16.06.2023 | 11:30
Арыстанбек Мұхамедиұлы, фото: Halyq Uni

Астанада өтіп жатқан сот процесінде бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Бір жылға астам уақыттан бері бүкіл Қазақстан, тіпті әлемдік қоғамдастық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесінде қаражат жымқыру деген қылмыстық процесті қадағалап отыр. 17 сәуірде алғашқы сот отырысы барысында мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мен Үндістаннан Қазақстанға әлемдік тарихтың бірегей артефактісі – «Алтын адамды» елге қайтардым деп айттым. Президенттің дер кезінде тапсырма бергенінің арқасында және Қазақстанның Үндістандағы елшілігі, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің көмегімен локдаун енгізілмей тұрып – 2020 жылдың 20 наурызында көрмені елге қайтара алдық. Коронавирусқа байланысты шектеулер Үндістанда 2021 жылдың аяғында алынды. Егер «Алтын адамды» Үндістанда шамамен екі жылға жуық уақытқа қалдырсақ, онда Қазақстан ғана емес, әлемдік қоғамдастық бірегей мұрадан айырылатын еді. Мен елдің заңдарын бұзған жоқпын. Тағылған айыпты толық мойындамаймын», - деп бастады Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде.

Ол бұл туралы сот процесі басталған кезде де айтқанын жеткізді.

Сондай-ақ экс-министр айыптау актісінде ақша жымқыру әрекеті дәлелденбегенін айтып өтті.

Айыптау актісінде ел заңын бұзу, сөз байласу көрсетілген бір де бір дерек жоқ. Сот залына шақырылған куәгерлер ақша жымқыру дерегі болмағанын сенімді түрде мәлімдеді. Менің тарапымнан және Нұрасхан, Көшенов, Садуақасова тарапынан заңсыз әрекеттер болмады, - деді экс-министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адамның» имиджіне зиян келіп жатқанын айтты.

...Үндістан тарапы «не мәселе?» деп түсінбей жатыр. Көрме өтті, бірақ коронавирусқа байланысты 30 күннің орнына 3 күнге созылды. Бірақ бұл локдаун енгізілгеніне байланысты екені айтылды. «Алтын адамды» уақытында қайтардық, Үндістанда қалдырып кетпедік. (…) Жымқыру және сөз байласу әрекеті болған жоқ. Оған ешқандай дәлел жоқ. Мен кез келген жазаға, тіпті ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыру дегенге келісе алмаймын. Қазақтың «өлімнен ұят күшті» деген керемет мақалы бар, - деді экс-министр.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ ІСІ

Тергеу мәліметтері бойынша, 2020 жылы Ұлттық музейге «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін өткізуге қаражат бөлінді. Мұхамедиұлы бес елде – АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілгенін білген.

Аталған елдердегі ұлттық музейлермен келіссөздер барысында түрлі себепке байланысты көрме өткізу туралы келісімге келе алмаған. 2020 жылдың қаңтарының басында аталған елдер ұсыныстан бас тартты. Алайда Мұхамедиұлы тоқтамай, көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған, - деді мемлекеттік айыптаушы Еркеғали Зәкіров.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Мұхамедиұлы Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұрасханға «ұрлық жасауға жәрдемдесетін» жеткізушіні таңдауға заңсыз нұсқаулар берген. Ол директордың орынбасары Азамат Көшеновпен бірге «Экспонат» ЖШС-ны іске тартқан. Бұған дейін бұл ЖШС халықаралық көрмелерді өткізуде мұражайға қызмет көрсеткен. Көшенов бухгалтер Айым Сәдуақасованы да осы іске тартқан.

«Экспонат» ЖШС «ешқандай негіздемесіз» қызмет көрсетуші болып анықталған. Сонымен қатар Алмаз Нұрасхан ЖШС-мен бес елдегі көрмеге жүргізілген сомаға бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан. Бұл жерде сома шамамен 1,27 млрд теңгені құраған.

Шығынды азайту үшін Мұхамедиұлы 2020 жылдың 10 ақпанында Үндістанның Ұлттық мұражайы бірқатар қаржылық шығындарды өз мойнына алатын келісім жасады. Оның ішінде техникалық жабдықтау, жарнама, фуршет өткізу, 100-150 адамға арналған көрме ашу, мәдениет саласындағы VIP-тұлғаларды шақыру, қазақстандық делегацияға турл ұйымдастыру қамту туралы келісім бар.

Алайда коронавирус пандемиясына байланысты Мәдениет және спорт министрлігі ведомстволық бағынысты ұйымдарға 2020 жылдың І жартыжылдығында жоспарланған шетелдік сапарларды, мәдени-бұқаралық іс-шараларды тоқтату туралы хат жолдады.

Алайда прокурор Мұхамедиұлының бұрын Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарғанын пайдаланып, бұл нұсқауды елемегенін айтады. Осылайша мәдениет және спорт министрлігіне Үндістанның Ұлттық мұражайында 2020 жылдың 18 наурызында көрме өткізу ниеті туралы хат жолдаған.

«Мұхамедиұлы енгізілген шектеулерге қарамастан, бюджет қаражатын жымқыру мақсатымен 2020 жылдың 19-21 наурыз аралығында көрмені ресми түрде өткізуге нұсқау берді. Ал 2020 жылдың 17 наурызында Мұхамедиұлы Үндістанның Ұлттық мұражайына шұғыл түрде көрмені демонтаждау туралы шешім қабылдау туралы хат жолдаған», - делінген айыптау актісінде.

Осылайша, мемлекеттік айыптаушы Нью-Делиде халықаралық көрме өткізілмегенін, ал оның негізгі мақсаты – Қазақстанды танымал ету және имидждік ілгерілету болғанын айтты.

«Даму» аудиторлық компаниясы ЖШС-ның 2022 жылдың 27 шілдедегі есебіне сәйкес, «Экспонат» ЖШС қызмет көрсетуді және тауарды жөнелтуді іс жүзінде орындамай, 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында қызмет «атқарған».

Осылайша, Мұхамедиұлы мен Нұрасхан Көшенов пен Сәдуақасованың көмегімен жымқыру әрекетін жасаған.

Астанада 2023 жылдың 17 сәуірінде экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі басталды. Істі Байқоңыр ауданы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Бағлан Ыдырысов қарайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама