×

Жұмысынан айырылған 94 мыңнан астам адамға төлем жасалды

Бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады

 Дастан Жұмабекұлы 15.06.2023 | 17:23
фото: ашық дереккөз

1 маусымдағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 94,4 мың адамға жетті. Биыл 81,7 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге eGov.kz порталында авторизациялану керек. Одан кейін «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдап, онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтырып, оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет.

Содан кейін бір күн ішінде тұрғылықты жердегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама