×

Қарағанды облысында мемлекеттік сатып алуға қатысты 29 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды

 34 лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

 Динара Амантай 15.06.2023 | 14:19
Фото: СЖҚА Қарағанды обл. департаменті

Қарағанды облысында мемлекеттік сатып алуға қатысты 29 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Антикор орталығында өңір кәсіпкерлерімен кездесуде белгілі болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесуге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Е.Алпысов, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Күлпейісов, облыстық басқармалар басшылары, Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілі қатысты. Отырыста сондай-ақ, Қарағанды облысы аумағында құрылыс нысандарын салатын, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер ұйымдарының басшылары мен өкілдері болды.

Бүгінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлікпен 112 мың адам айналысады. Оның ішінде жұмыс істеп жатқан кәсіпкердің саны 99 мың адам. ШОБ кәсіпорындарының жылдық өнім шығаруы 2,4 трлн теңгеден асты.

Облыс әкімі орынбасары кәсіпкерлікті дамытудағы негізгі бағыттардың бірі әлі де болса кедергілер мен шектеулерді жою екенін айтты. Адами фактордың ықпалын жою, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлерге қолайлы болу мақсатында мемлекеттік қызметтердің айтарлықтай бөлігі электронды форматқа көшірілді.

Жиында Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералық бөлім бастығының, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, мемлекеттік сатып алу басқармалары басшыларының ақпараттары тыңдалды.

Мәселен, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері 2 мың 147 лот бойынша (15 мың 406 лоттан) 29,18 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған. Сондай-ақ 2 мың 278 шағым түсіп, оның 970-і қанағаттандырудан бас тартылған. 1 мың 291 арыз толық (немесе ішінара) қанағаттандырылып, 17 шағым қаралып жатыр.

Бұған қоса биыл бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны тиісінше орындамау немесе мүлде орындамау фактілері бойынша 34 лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жолданды. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 207-бабы («Конкурстық комиссия») бойынша 20 лауазымды адам жауапқа тартылып, айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн 621,5 мың теңге болды.

Жиында кәсіпкерлер битумның сапасы мен бағасына, шамадан тыс жүк тиеген ауыр көліктердің қозғалысы, жанар-жағармай мен дөңгелектердің қымбаттауына және басқа да проблемаларға қатысты мәселе көтерді.

Кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып, бұл мәселенің өзектілігін облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Құлпейісов қолдады.

Іс-шара соңында А.Арыстанбеков бизнесмендерді таза, ашық бизнес жүргізуге шақырды. Сыбайлас жемқорлық көріністері анықталған жағдайда департаментке немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 телефон арқылы байланыс орталығына хабарласуды ұсынды.

Жиын қорытындысы бойынша облыстық басқарма басшыларына кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама