×

Шымкент жастарын патриоттыққа тәрбиелейтін лигаға бюджеттен 22 млн теңге бөлінген

Әйтенов аталған спорт лигасы республикада алғаш болып Шымкент қаласында басталғанын айтты

 Ая Өміртай 15.06.2023 | 13:08
Мұрат Әйтенов, фото: ОКҚ

Қазақстанда халық арасында отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстары ешқашан тоқтаған емес. Патриоттық тәрбие беру жалаң насихатпен ғана емес, соның ішінде түрлі мәдени-спорттық шараларға да мазмұн болған.

Атап айтқанда, осыдан үш жыл бұрын басталған «Шымкент жастар лигасы» биыл да жалғасады. Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жобаға биыл 6 мыңға жуық оқушы қатысқан.

Өздеріңізге белгілі, бұқаралық спортты дамыту мақсатында, осыдан 3 жыл бұрын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Жыл сайын оқушылардың қызығушылығы артып, лига ауқымы артуда. Биыл 151 мектептен 500-ден астам командалар жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты, - деді әкім ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, маусымда өткен іс-шараға бюджеттен 22 000 000 теңге жұмсалған.

Техникалық сипаттамасында жоба нәтижесінде іс-шара жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді деп көрсетілген.

Шарт бір көзден сатып алу әдісі арқылы бектілген. Тапсырыс беруші – қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент қалалық мәдениет үйі». Жиынды өткізуге «АЛИХАН» жеке кәсіпкерлігі таңдалған.

Жалпы, 2023 жылы ішкісаяси тұрақтылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге бюджеттен бөлінетін қаражат шамамен 5 есеге жуық өскен. 

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы бұл мақсаттарға 39,8 млн теңге шығыстар қарастырылған. Бір жыл бұрын осындай жұмыстарға 8,6 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат азаматтардың бойында патриоттық сананы қалыптастыру және еліміздің стратегиялық құжаттарын түсіндіру бойынша іс-шараларды өткізуге бағытталады. 

Осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жұмыстары туралы халықтың хабардар болу деңгейі 2023 жылы 1%-ға – 82-ден 83%-ға дейін артуы тиіс. Келесі жылы бұл көрсеткіш 84 пайызды құрауы тиіс. Айтпақшы, келесі жылы 13,5 млн теңгенің игерілуі күтілуде. Дәл осындай сома 2025 жылға да қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама