×

Алматы облысында жас жігіт мүгедек адамды өлтіріп кеткен (ВИДЕО)

Ақшаны бер, өлтірмеймін десе, сол ақшаны мен-ақ берер едім ғой, - деді марқұмның анасы

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2023 | 13:43
фото: ашық дереккөз

Алматы облысында 18 жастағы жігіт 40 жастағы ер адамды пышақтап өлтіріп кеткен. Марқұмның туыстарының айтуынша, жас жігіт оны ақша үшін өлтірген.

Almaty.tv телеарнасының хабарлауынша, қайтыс болған адамның соңында бес баласы қалды. Марқұм Алматы облысындағы Қарақыстақ ауылында тұрған. Оның туыстары мен басқа да жақындарының айтуынша, ол 11 маусымда ақша үшін өлтірілген. Өлтірілгенде қинап өлтірілген.  

Менің бауырым екінші топтағы мүгедек еді. Кәмелет жасына толмаған бес баласы, кәрі әке-шешесі бар. Аяқкиімінің бауын бір қолымен ұстап, тісімен байлап жүретін. Кінәлілер алыстан келген жоқ. Қасында мал бағып жүрген балалар болуы мүмкін, – деді марқұмның ағасы Бекмұрат Нүсіпханов.

Марқұмның туыстары мәйітті тапқан кезде жейдесі жыртылып, қанға малынған денесінің ауыл шетіне итше тепкілеп тасталғанын айтады.

Соған қарағанда алдын ала өлтіріп, кейін осында әкелген болуы мүмкін, –  деді жездесі.

Ал оның әйелі бұған дейін де күйеуінен ақша алғандар болғанын, оның шотында жатқан 2 миллион теңгені көріп, ізіне түскенін айтты.

«Бір рет 2 мың теңге, екінші рет 3 мың теңге сұрады, бердім» деп жүрген. Інісіндей көріп, сеніп жүрген қасындағы адам өлтіріп кетіпті, - деді марқұмның жары Алтынгүл Пияшы.

Қайғы жұтып отырған анасы да күдіктіні қатаң жазаға тартуды өтінді.

Кемтар баламды 40 жасында өлтіріп кетті. Ақшаны бер, өлтірмеймін десе, сол ақшаны мен-ақ берер едім ғой. Баламды өлтіргенше, мені неге алмады?! Қылмыскерлерді ұстап жазаласын. Менің айтарым – осы, –  деді марқұмның анасы Күлия Жақыпбек.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайділдиннің айтуынша, қазір бұл іс бойынша тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру барысында полиция қызметкерлері ізін суытпай 2004 жылғы күдіктіні анықтап, ұстады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама