×

Түркістан облысында діни ағымның мүшесі есірткімен ұсталды

Күдікті үйінің ауласында марихуана өсірген

 Дастан Жұмабекұлы 13.06.2023 | 16:14
фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері деструктивті діни ағымның өкілінен есірткі тәркіледі.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде есірткі өсімдігін өсірген күдіктіні анықтады. Ол бұрын сотталған, деструктивті-діни ағымның жақтаушысы ретінде есепте тұрған Шардара ауданының тұрғыны болып шықты.

Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде, күдіктінің үйінің ауласынан құрамында есірткі заты бар өсімдікке ұқсас 9 түп табылды. Сондай-ақ жедел қызметкерлер тінту кезінде шыны ыдыс және полиэтилен пакетке салынған есірткі заттарын тәркіледі. Бұл фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі заттарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркеді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заттары марихуана болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама