×

«Трактор табылды, тракторшының өзі жоқ». Абай облысының әкімі орман өртіне қатысты баяндама жасады

Орман өрті салдарынан 3 үй, 2 техникаға зақым келген

 Дәурен Ерболат 13.06.2023 | 10:53
фото: akorda.kz

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа ормандағы алапат өртті сөндіру бойынша нендей жұмыс атқарылып жатқанын баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде өрттің ауданы – шамамен 60 мың гектар. Оның 43 мыңы – белсенді термонүктелер.

«Елді мекендерге қауіп жоқ. Қазір өрт сөндіру жұмыстары 2 бағытта жалғасып жатыр. Батыста өртті тоқтату үшін 300-ден аса жеке құрам, 30-дан аса техника, екінші бағытта, 200-ден аса жеке құрам, 40-тан аса техника жұмыс істеп жатыр. Жалпы, өртті жоюға 1532 адам, 321 техника және 14 тікұшақ жұмылдырылды. Техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна жанармай, тағы 50 млн жағармайды KAZ Minerals компаниясы есебінен қамтамасыз етіледі», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Бүгінде Талица, Половинка елді мекендерінің тұрғындары эвакуцияланған. Эвакуация орындарында полиция кезекшілігі ұйымдастырылған.

Тұрғындар Семей қаласы мен Бородулиха эвакуациялық пунктеріне орналастырылды. Өрт сөндіруге тартылған және эвакуацияланған адамдар үшін азық-түлік жеткілікті.

Өрттен 3 үй, 2 техника өртенді. Ыс тиіп, уланған орман шаруашылығының 2 қызметкері жағдайы жақсарды. Жоғалған тракторшы Архиповты іздеп жатырмыз. Кеше оның тракторы табылды. Полиция оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді облыс әкімі.

Облыс басшысы «Успенское» орман шаруашылығының қаза тапқан 14 жұмысшысының отбасыларын көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде әрбір отбасына бюджеттен және бюджеттен тыс қаражат шеңберінде қажет көмектің дербес картасы жасалды, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарын жою үшін арнайы «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында шот ашылды. Барлық мемлекеттік төлем уақытылы және толық көлемде көрсетіледі. Апат салдарын жою бойынша жұмыс бақылауда», - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама