×

Шетелде оқытып, жатақхана салу: Астана медицинасындағы кадрлық тапшылық қалай шешіліп жатыр

Астананың денсаулық сақтау саласында 11 мыңнан адам жұмыс істейді

 Халық үні 08.06.2023 | 09:33
Фото: newsexplorer.net

Астананың медициналық ұйымдарына қажетті білікті кадрларды тарту үшін сала мамандарына арналған жатақхана құрылысы салынып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгінде елорданың денсаулық сақтау секторында 11 мыңнан адам жұмыс істейді, оның ішінде 3,4 мың дәрігер бар. 

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасыныцң мәліметінше, саладағы проблеманың кадр тапшылығы болып отыр. Медициналық кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында басқарма бірқатар шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2022-2023 оқу жылында жергілікті бюджеттен 19 мамандық бойынша 128 орынға грант бөлінді. Бөлінген жас мамандарды ескере отырып, денсаулық сақтау мемлекеттік секторында медициналық кадрлардың тапшылығы 94,4%-ға төмендеді. 2023 жылға жергілікті бюджеттен 381 медицина қызметкеріне грант бөлінді. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың қажеттілігіне сәйкес республикалық бюджет есебінен ҚР медициналық білім және ғылым ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған 300-ге жуық жас мамандарды бөлу жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, елордадағы кадр тапшылығына әсер ететін факторлардың бірі -  баспананың болмауы болып отыр. Осыған орай білікті кадрларды тарту мақсатында Құрылыс басқармасы Астана – Қарағанды тасжолы бойында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салып жатыр.

Бұған қоса, басқарма денсаулық сақтау мамандарының біліктілігін арттыру бағытында бірқатар жұмысті істеп жатыр. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен шетелде және ел ішінде 800-ден астам адам оқытылды (оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде 69 адам). Биыл 1700-ден астам адамды оқыту жоспары бар (оның ішінде шетелде  45 адам). 

ТОЗҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕХНИКА АЗАЙДЫ

Медициналық ұйымдардың үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі кадрдан бөлек, материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесіне тікелей байланысты. Заманауи құралдар мәселесі өзекті болып болып отыр. 2020-2022 жылдар аралығында қаладағы медициналық техниканың тозуы 22,5%-дан 14,6%-ға дейін төмендеп, оларды жаңарту 89,8%-дан 95,5%-ға дейін ұлғайды. Атап айтқанда қалалық ауруханалар мен емханаларға ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, желдеткіштер, жылжымалы флюорографиялық кешендер, сандық рентгенографиялық жүйелер және т.б. жабдықтар сатып алынды. Қосымша алғашқы медициналық-санитарлық көмек үшін 51 автокөлік, сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 55 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды.

Сонымен қатар биылғы жылы №2 қалалық көпсалалы аурухананың  акушерлік блогына жаңа жабдық Ұлыбританияда шығарылған Sonicaid team 3 ұрық ішілік мониторы сатып алынды. Аталған жабдықтың әлем бойынша 10 данасы ғана бар. Оның біреуі Қазақстанда екенін атап өткен жөн. Яғни, Қазақстанда алғаш рет ұрық пен ананы диагностикалауға арналған жаңа заманауи аппарат енгізілді.

Елорданың медицинасын цифрландыру – бүгінде басқарманың алдында қойылған маңызды міндеттің бірі. Бұл бағытта істеліп жатқан жұмыс жоқ емес. Мәселен, №2 көпбейінді қалалық ауруханада жаңа госпитальдық фармация бөлімшесі өз жұмысын бастады. Айта кетейік, бұған дейін Астанада мұндай жоба болған емес.

Басқарманың мәліметінше, бұл жоба препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыруды көздейді. Нақты айтқанда науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері автоматты түрде қадағаланып отырады. Яғни, бұл бөлім препараттарды орынсыз пайдаланбай, артық шығынның алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, дәріні қате тағайындау қауіпін азайтуға мүмкіндік береді. Мамандардың есептеуі бойынша, оның жыл сайын 400 млн теңгеге дейін бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік бар.  

Жалпы, госпитальдық фармация бөлімшесі әлемде кең таралған тәжірибе әрі халықаралық талаптардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта бұл жүйе қаладағы барлық ауруханаларда енгізу көзделіп отыр.  Бұдан бөлек, денсаулық сақтау ұйымдарына «Alaqan» жүйесі енгізіле бастады. Аталған жүйе тамырлардың үлгісін тануға негізделіп жасалған.  Бүгінде медициналық ұйымдардың кадрларын басқару, жұмыс уақытын есепке алу процесін оңтайландыруға мүмкіндік беріп отыр, сонымен қатар қызметкерлердің тәртібі мен жұмысын арттырады. Оның бір артықшылығы -гигиена және пайдалану процесінде жабдықты ұстаудың қажеті жоқ. Яғни, құрылғының жұмыс принципі пайдаланушы үшін өте қарапайым. Оны алақанға жақын инфрақызыл сәулені бағыттау арқылы адамның тамыр үлгісінің суретін оқиды және хэш түрінде қорғалған дерекқорда сақталған тамыр үлгісімен салыстырады.

Бүгінде бұл жүйе №1 және №2 қалалық көпбейінді ауруханаларында іске қосылып, өзінің тиімділігін көрсетті. Алдағы уақытта қаланың барлық қалалық медициналық ұйымдарына енгізуді жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама