×

«Қазақ сыныптары жабылмайды». Елордалық мектеп директоры мән-жайды түсіндірді

Бұған дейін №20 мектептегі қазақ сыныптарының жабылмақ болғаны хабарланды

 Ербол Тұрымбет 21.04.2022 | 17:30
фото: Halyq Uni

Ата-аналардың наразылығынан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы №20 аралас мектеп қазақ сыныптарын жаппайтын болды. Ондағы қазақ тілінде білім алатын 320 оқушы бұрынғыдай сол мектепте білім алуын жалғастыра бермек.

Ата-аналардың мәселе көтеруіне негізгі себеп балаларын жаңадан ашылған №94 мектепке ауыстыруға қарсылық еді. Мектеп директоры Болат Бимендиннің айтуынша, наразы ата-аналар тобымен кездесу өткен. Ешқайсының баласы мектеп ауыстырғанын қаламайтыны белгілі болған соң, бәрі бұрынғыша қалатын болып шешілген. 

Ата-аналардан маған шағым түсті. Өйткені 1-ші қазақ сыныптарын 94-мектепке жібересіздер деген ауызша бұйрық түсті. Соны естіген ата-аналар маған келіп, айғай-ұрыс шықты. Осында жинап алып, сөйлесіп, жаңадан қазақша мектеп-гимназия ашылайын деп жатыр деп түсіндірдім. Үйірмелері де, бізге қарағанда сағаттары да көп екенін айттым. Бірақ қазақ сыныптарында оқитын балалардың көбі осы маңайда тұратындықтан ол жаққа бармайтындарын айтты, – дейді ол. 

Оның үстіне, ата-аналардың мектеп ауыстырғысы келмейтін тағы екі себебі бар. Біріншіден, 20 минуттық жер кішкентай балалар үшін алыс болып тұр. Төңірек өңкей жер үй. Маңайда ішімдікке әуестер жүреді. Ата-аналар содан қорқып, жаңа мектепке жібергісі келмейді. Екіншіден, көбі осы мектепке үйреніп қалған. Ешқайда барғысы жоқ. 

«Мен келгенде мектепте 3-4 қазақ сыныбы болған. Қазір 13-ке жетті. Былтыр бесінші сыныпты аштым. Олар да бармаймыз деп отыр», – дейді директор.  

Айта кетейік, №20 мектеп о баста 600 орындық таза орыстілді мектеп болған. Алайда апаттық жағдайда тұр деп танылғандықтан сүріліп, 2019 жылы 1200 орындық жаңа мектеп болып қайта іске қосылады. Білім басқармасы өкілдерінің айуынша, одан бөлек жаңадан ашылған №26 аралас мектеп әрі ондағы бала саны шамадан артық болғандықтан, 94-мектеп ашылғанға дейін 20-мектепте қазақ сыныптары уақытша ашылған.

Бұған дейін астаналық білім басқармасының №20 мектептегі қазақ сыныптарын жаппақ болғанын хабарлаған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама