Білім министрлігі барлық мектепті тексермек
Аймағамбетов павлодарлық мектептің өртінен кейін қандай шешімге келгенін айтты
Білім министрі Павлодарда өртенген мектеп оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Мұның бірінші жағдай еместігін айту керек. Сондықтан біз барлық оқыту ұйымына толық тексеру жүргізуді тапсырдық. Себебі өртке қарсы шаралар сақталуы тиіс. Мектеп пайдалануға берілгенде, жөндеуден кейін және жаңа оқу жылы басталар алдында міндетті түрде актілер болуы қажет. Оның ішінде өртке қарсы қызметтерден де болуы керек, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, Павлодардағы өртенген мектеп жарамсыз болса, балалар оқуын басқа ғимаратта жалғастырады.
Павлодарда өрттен зардап шеккен мектеп қысқа мерзімде қалпына келтіріледі. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың шұғыл отырысында осындай тапсырма берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің мәліметінше, №28 мектептегі өрт туралы хабарлама сағат 8:04-те түскен және сағат 10:15-те сөндірілген. Оның айтуынша, өрттің алдын ала себебі физика кабинетіндегі қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Қазір келген шығын көлемі анықталып жатыр.
Зардап шеккен мұғалімнің жағдайы да белгілі болды. Анықталғандай, физика пәнінің мұғалімі зардап шеккен. Кейін ауруханаға жатқызу кезінде мұғалімнің қатты стресс алғаны, орта дәрежеде көміртек тотығымен уланғаны анықталды. Әбілқайыр Сқақов ұстазға барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды, – дейді Павлодар облысы әкімдігі.
Өңір басшысы ең қысқа мерзім ішінде дәстүрлі форматта оқу процесін қайта бастау мәселесін шешуді талап етті. Сондай-ақ Сқақов Павлодар қаласы әкіміне мектеп шатырын тез және сапалы қалпына келтіруді тапсырды. Ол үшін облыс әкімінің резервінен қаражат бөлінеді. Төтенше жағдай департаментіне өңірдің барлық әлеуметтік нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізу міндеті қойылды. Сонымен қатар өңір басшысы мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қабылдау тәртібін өзгертуді талап етті. Атап айтқанда, мектептерде шатырды, электр сымдарын және өрт қауіпсіздігін қабылдауды жалпы жөндеу жұмыстарынан бөлу, сондай-ақ энергияны көп қажет ететін кабинеттер мен үй-жайларда кернеу тұрақтандырғыштарының болуын тексеру ұсынылды.
«Өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымы мен қызметкерлердің іс-қимылдарын нақты түсіну керек. Мектептерде түрлі заттар жинақталмау үшін сенбіліктер өткізіп, оқыс жағдайлар кезінде кедергі келтіруі мүмкін артық заттарды, құрылыс материалдарын жинау керек», – деді әкім.
Отырыс соңында облыс әкімі өңір мектептерінің барлық персоналын өрт қауіпсіздігі ережелеріне оқытуды тапсырды.
Павлодардағы мектептердің бірінде өрт шықты: 5 оқушы зардап шекті. Павлодарда тағы бір мектеп өртенді: ұстаздардың бірі зардап шекті.