×

Павлодардағы мектептердің бірінде өрт шықты: 5 оқушы зардап шекті

Оқу ордасынан 500-ге жуық адам эвакуацияланды

 Данияр Айтпайұлы 15.04.2022 | 13:08
көрнекі фото: dela.ru

«Заманауи мектеп» жобасы аясында биыл ғана күрделі жөндеуден өткен Павлодар қаласындағы №1 жалпы орта білім беру мектебінде өрт шығып, 500-ге жуық адам эвакуацияланды. Тілсіз жаудан 5 оқушы зардап шеккен.

Бүгін Павлодар қаласының Малайсары Батыр, 3 мекенжайында орналасқан мектептің 3-ші қабатында өрт шықты. Жалпы аумағы 15 шаршы метрді құрайтын кітап сақтау бөлмесі өртке оранған. Ондағы жиһаз бен кітаптар жанып кеткен.

«Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жеткенге дейін мектептен 479 адам, оның ішінде 414 оқушы эвакуацияланған. Өрт шамамен жарты сағаттың ішінде сөндірілген. Оқиға орнында 9 техника, 35 маман жұмыс істеді», - дейді «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» ММ басшысының орынбасары Думан Қыдырмоллаев.

Өрттен зардап шеккен 5 оқушы жедел жәрдем көлігімен жергілікті ауруханалардың біріне жеткізілген. Олардың денсаулығына қаншалықты зиян келгені әзірге белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама