×

Әлібек Қалбайдың өлімі: апелляциялық сот сарбазға шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды

Сарбаз Айболат Аманжоловтың адвокаттары Жоғарғы сотқа жүгінетіндерін жеткізді

 Айгерім Таубай 01.06.2023 | 18:00

Астанадағы әскери сотта маңғыстаулық сарбазды өлтірді деп танылған Айболат Аманжоловтың апелляциялық шағымын қарап, бірінші инстанциядағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылдың сәуірінде қайтыс болған сарбаз Әлібек Қалбайдың өлімінен кейін сарбаз Айболат Аманжолов 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Апелляциялық сот барысында Айболат Аманжоловтың адвокаты Бауыржан Азанов бірнеше өтінішхат жолдады. Оның ішінде қылмыстық іс материалдары ішінде сот-медицина сараптама дәлел ретінде көрсетілгенін айтып, сарапшы Тілемісовті жауап алуға шақыруды сұрады. Алайда сот бірінші инстанциядағы сотта сарапшының куәгер ретінде қатысқанын айтып, өтінішті қанағаттандырмады.

Апелляциялық сатыда іске судья Дамир Ахтямов төрағалық етті. Сондай-ақ сот алқасы құрамында судья Сәкен Тілегенов пен Шыңғыс Майшыбаев бар. 

Бірінші сатыдағы сот әділ шешім шығарады деп сенген едік. Айыптау актісі шыққаннан кейін Алматы гарнизоны сотының үкіміне апелляциялық шағым жолдадық. Сот барысында қорғау тарапынан өтінішхаттар берілді. Ол жерде сот алқысының куәгерлерді өздері тыңдағанын қаладық. Себебі айыптау бір сарбаздың жауабына негізделіп отыр. Әділ шешім шығаруға ықпалы тиеді деген оймен куәгерді қайта шақыртуды сұрадық. Бірақ оны қанағаттандырмады, - деді Айболат Аманжоловтың адвокаты Жанар Нүсіпбаева.

Содан кейін сотталған Аманжоловтың әкесі сот құрамына сенімсіздік білдіріп, судьяларды ауыстыруды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті де қанағаттандырмады.

«Тергеудің алғашқы күнінен бастап қылмыстық-процестік кодекстің талаптары өрескел бұзылды. Сол бойынша шағым жазылды, алайда бір де бірі қанағаттандырылмады. Апелляциялық сот алқасына әлі де сеніміміз бар. Егер айыптау тарапы нақты айғақ ұсынбаса, сот жалтақтықпен айналыспай, ақтау үкімін шығаруы керек екенін президент те айтты», - дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, Айболат Аманжолов әділетсіз үкім шыққан.

Судья жалтақтық танытты. Айболат Аманжолов қазір Алматы қаласында тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге барған өрімдей жас бала. Аптасына бір рет барып тұрамын. Басым, бүйрегім ауырады деп үнемі айтады. Денсаулығы және психологиясына кері әсер етіп жатыр. Соттан әділ шешім күтеміз. Ақтауды сұрап отырмыз. Себебі тергеу кәсіби деңгейде жүргізілмеген, - дейді адвокат Нүсіпбаева.

Сондай-ақ адвокат жәбірленуші тарап – марқұм сарбаз Әлібек Қалбайдың туыстары да айыптау тарапына қарсы шыққанын айтты.

Таразының бір басында әскери бөлімнің репутациясы тұр деп есептеймін. Олар өздерінің репутациясын бұзбау үшін, әскери бөлімде осындай жағдай болды деген жаман атты болудан қорқып, осы айыпты бір сарбаздың мойнына іліп отыр, - дейді Жанар Нүсіпбаева.

ӘЛІБЕК ҚАЛБАЙДЫҢ ӨЛІМІ

Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды. 2022 жылдың қарашасында істі сот прокуратураға қайтарды.

Оның өліміне қатысты 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов күдікті деп танылды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. Әскери бөлімге 18 сәуір күні жеткен.

2023 жылдың 10 сәуірінде Атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қылмыстық кодекстің 440-бабы (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама