×

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет – президент

Мемлекет басшысы Бала құқықығы жөніндегі уәкілге бірқатар міндет жүктеді

 Динара Амантай 01.06.2023 | 13:07
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинді қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында балалардың денсаулығы мен әлеуметтік тұрғыда қорғалуына, сондай-ақ балаларға жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекетке қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысына Бала құқығы жөніндегі уәкілдің атқарған қызметі туралы есеп берілді.

Президент кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін пәрменді шаралар қабылдау, сондай-ақ жетім балалардың құқығын қорғауға берілген кепілдікті сақтау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау маңызды екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқығын қорғау және денсаулығын сақтау жүйесін нығайту аса маңызды екенін атап өтті. Сондықтан балаларды қорғауға қатысты барлық ұсыныс пен бастаманы іске асырмас бұрын мұқият зерттеу қажет. Мемлекет басшысы туындаған түйткілдерді шешуге тікелей атсалысу үшін Бала құқығы жөніндегі уәкілдің жергілікті жердегі жұмысын жандандыру қажет екеніне назар аударды.

Президент Аружан Саинға бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту, балаларға қатыгездік жасау фактілеріне дер кезінде мән беру, буллингке қарсы күресу, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке итермелейтін әрекеттердің алдын алу, арнайы білім алуға мұқтаж балаларды қолдау, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама