×

Астанада заңсыз жүрген мигранттар елден шығарылды

Олардың бірін 30 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарылды

 Динара Амантай 31.05.2023 | 14:32
Фото: polisia.kz

Елордада қоғамдық орындар мен көшелерде тиісті тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Елден шығарылатындар» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлады Polisia.kz.

Көші-қон қызметі бұрын Қазақстанның шекарасынан шығарылған, бірақ сот шешімін орындамай, Астанада заңсыз жүрген 60 шетелдік азаматты анықтады. Полицейлер Қазақстаннан 2022 шығарылған, бірақ елден кетпей жүрген Өзбекстан Республикасының 31 жастағы азаматын ұстады. Заң бұзған шетелдік азаматты мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ел аумағынан мәжбүрлеп шығарып жіберу үшін 30 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Тәртіп сақшылары елден шығару туралы қаулыны орындамау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және қылмыстық заңнамаға сәйкес, жауапкершілікке алып келетіндігін атап өтті.

Қазір елорда аумағына заңсыз келушілер мен ішкі істер органдарында тіркелмеген тәртіп бұзушыларды уақтылы анықтау мақсатында жүйелі түрде рейдтер жүргізіліп жатыр.

Астана қаласы ПД-ның көші-қон қызметкерлері шетелдіктердің елордаға келуін, олардың құқықтық жағдайы туралы заңнама талаптарын сақтауын және елден уақтылы шығуын тұрақты негізде қадағалайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама